Halyq Uni логотип
×

Бишімбаев Нүкенованың қандай жағдайда қайтыс болғаны туралы айтты

Экс-министр туысына видеоны өшіруді тапсырғанын растады 

 Айгерім Таубай 03.04.2024 | 13:34
Бишімбаев Нүкенованың қандай жағдайда қайтыс болғаны туралы айтты
Фото: Астана соты баспасөз қызметі

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев сотта жауап беріп жатыр. 3 сәуірде өтіп жатқан сот отырысында қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі («аса қатыгездікпен адам өлтіру») негізінде сұрақтарға жауап беріп, қайғылы оқиға болған күн туралы айтып жатыр. Бишімбаевтың 8 қарашада болған оқиғаға қатысты айтқанын мына жерден оқуға болады.

Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы 9 қараша таңертең ұрып-соққаны туралы айтты.

...Лифтіден шыққан кезде мен VIP залға қарай, Салтанат дәретханаға қарай кеттік. Менің артымнан дөрекі сөздер айтты. Бұл мені ашуландырды, себебі бұған дейін ол үндемей келген еді. Бұрылып, жанына келдім. Шашынан ұстап, төрт рет шапалақпен ұрдым. Ол құлап түсті. Мені ашуландыру үшін әдейі істеп жатқан-жатпағанын білмедім.  3-4 рет жамбас тұсынан тептім. «Тұр» деп айттым. Ол тұрмаған соң, шашынан ұстап көтердім, - дейді Бишімбаев.

Біраз уақыттан кейін Бишімбаев туысы Байжановқа хабарласып, аспирин және кетонал әкелуін сұраған.

«Сағат 13:30 шамасында ояндым. Салтанат жанымда жатты. Оятуға тырыстым, бірақ оянбады. Бетінің сол жағы көгергені, мұрны ісіп кеткені анық байқалды. (...)  Байжановқа хабарласып, аспирин және кетонал әкелуін сұрадым. Сол кезде Салтанаттың телефонын іздедім, көліктің кілтін де таба алмадым. Жәбірленуші (Айтбек Амангелді – ред.) Салтанаттың телефонын бақылап отыратынын ойлап, бір жарым күннен бері «Гастро орталықта» екенімізді көрген соң сол жерге келеді деп ойладым. Бақытжанға (Байжанов – ред.) көлікте киім бар екенін айттым. Кілт те, Салтанаттың телефоны да көлікте екен», - дейді Бишімбаев.

Бишімбаев Байжановтан камералардағы видеоны өшіруді сұрағанын, қызметкерлерді таратқанын да растады.

Салтанат ол кезде тірі еді. Видеоны кез келген күзетші телефонына түсіріп, басқа жерге жіберуі мүмкін еді. Көпшілікке жария болғанын қаламадым.  Оны ұрып-соққаным да түсірілген. Сол себепті видеоны өшіруді сұрадым, - дейді ол.

Бір кезде Бишімбаев Нүкенованың ауыз қуысы арқылы тыныс алып жатқанын байқаған.

«Байжанов Салтанаттың жағдайын сұрады. Ол жедел жәрдем шақыруды ұсынды. Көрікпелдің сөзі есіме түсті (Бишімбаев әйелі оянбай жатқан кезде себебін білу үшін көрікпелген хабарласқан – ред), кешке оянуы керек деп айтқан еді. Осы кезде сағат 4 шамасы болған. (...) Тағы да кездесуге кетіп, жарты сағаттай сол жақта болдым. Салтанатқа келіп, оятуға тырыстым. Кешкі 6 шамасында қорылы басылған екен. Шығып, Бақытжанға айтып, тамақ ішіп алайық дедім. Сағат 6:40 кезі еді. «Бара бер», «оянатын шығар» деп Байжановты жібердім. Оянған кезде саған айтамын, сен келіп бізді апарып тастайсың деп айттым. Салтанатқа келсем, беті суып кеткенін байқадым. Қорқып кеттім. Бетін ұстап көрдім, температурасы өзгергенін байқадым. Бақытжанға кері қайт дедім. Тамырын ұстап, жүрегі соқпай тұрғанын айттым. Ол да соны айтып, жедел жәрдем шақыруға жүгірді», - дейді Бишімбаев.

Бишімбаевтың айтуынша, артынша Нүкенованың қайтыс болғанын түсінген. 

Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:

99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру);

110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (қинау).

Бақытжан Байжановқа қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:

432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу);

434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау).

Серіктес жаңалықтары

Сараптама