Судан сынама алынған, бірақ мұнай төгілгеніне дәлел табылмаған
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қашаған кен орнында мұнай төгілді деген ақпаратқа түсінік берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Қашаған кен орнындағы теңіз кешенін іске қосқаннан бері мұнай төгілмеген. Сондықтан қазір біз бұл ақпаратты тексеріп жатырмыз. Ғарыштан түсірілген суретке талдау жасап жатырмыз, ол нақты жағдайды көрсетпей отыр. Яғни, ол табиғи құбылыс болғанын көрсетеді. Қазір барлық акваторияда судан сынама алынып жатыр. Қазір ол мұнайдың төгілгенін растамай отыр. Онда экологтар да жұмыс істейді», - деді Алмасадам Сәтқалиев Мәжілістің жалпы отырысынан соң.
Журналист «Сіз немесе басқа маман тікұшаққа отырып, мұнай төгілген аумақты көрдіңіз бе?» деп сұрағын нақтылады.
Облыстағы экология департаменті тікұшақ сұраса, біз бұл мүмкіндікті қамтамасыз етеміз. Қазір су көлігі арқылы судан сынама алынды. Жұмыс қолданыстағы процедураға сәйкес жүргізілді, - деді министр.
Айта кетейік, 2 сәуірде «Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығының атқарушы директоры Галина Чернова әлеуметтік желідегі парақшасында Қашаған кен орны маңында сұйықтық төгіліп жатқанын хабарлады.
Ол ғарыштан түсірілген сурет «30.04 (02:43 UTC) Еуропалық Sentinel-1A спутнигінің радарлық суреті қазақстандық кен орны мен «Қашаған» мұнай өндіру учаскесі маңындаға төгіндігіні көрсетті» деп жазды.