Бишімбаев сотта Bau мейрамханасы, қайғылы оқиға болған күн туралы айтып жатыр

Айгерім Таубай

Астана сотында экс-министр жауап беріп жатыр

Фото: Halyq Uni / Жансерік Күзембай

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев сотта жауап беріп жатыр. Бұған дейінгі сот отырысында сотталушы өзіне тағылған айыптың бірі – қылмыстық кодекстің 110-бабы («қинау») негізінде қорғау тарапының сұрағына жауап берген еді. 3 сәуірде өтіп жатқан сот отырысында қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі («аса қатыгездікпен адам өлтіру») негізінде сұрақтарға жауап беріп, қайғылы оқиға болған күнге қатысты өз нұсқасын айтып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бишімбаевтың айтуынша, Салтанат Нүкенова және оның құрбысы үшінеуі «Қазақстан» орталық концерт залына концертке барған. Сол жерде екеуінің арасында жанжал шығып, концерт аяқталмастан шығып кеткен. Артынша BAU мейрамханасына келіп, бірнеше сағат бойы әңгімелескен.

00:30 шамасына «кетемін» деп айтты. Таксиді кімнің шақырғанын білмеймін. Төменгі қабатқа түстік, бір уақытта ол тоқтады. Сол жерде бір сағат сөйлестік. Кеткелі жатырмын деп, кетпеді. Ғимараттан шықтық, ол жерде де бір сағат тұрдық. Сол сәтте үйге баруды ұсындым. Ол (Нүкенова – ред) ешқандай шешім қабылдамады. Бес сағат бойы бір әңгімені айтумен болды. Бір сәтте менің көлігіме қарай шамамен 5 минут жүрдік. Сол уақытта мен берген сыйлықтарды айта бастады. «Уайымдама, бәрін қайтарамын» деп көңіліме тиді, - дейді Бишімбаев.

Екеуінің арасында жанжал көліктің ішінде жалғасқан. Артынша Нүкенова мейрамханаға қайта кіруді ұсынған. Ал ол уақытта мейрамхана жабылып қалған, алайда асхана арқылы екеуі VIP залға кірген.

Бір уақытта Салтанат айғайға басты. Ол уақытта мейрамханада жұмысшылар бар еді. Ешкім естімеуі үшін дәретхананың ішіне кіруді ұсындым. Ішіне кіріп, еденде отырдық, - дейді Бишімбаев.

Сондай-ақ Бишімбаевтың адвокаттары BAU мейрамханасының сызбасын сот процесінде көрсетуді сұрады. Судья Айжан Құлбаева тараптардың пікірін тыңдап, қарсылық танытпады.

Қорғау тарапы оқиға болған дәретхананың да фотосын көрсетуге рұқсат сұрады. Бишімбаевтың адвокаты Назкен Құсайынова көрсеткелі жатқан фотоның қылмыстық іс материалдарында бар екенін айтты. Бұл өтінішхатына тараптар қарсылық танытпады. Алайда фотоны көрсеткен кезде судья Құлбаева қорғау тарапының адвокаттарына «судьяны жаңылыстырғаны» үшін ескерту жасады. Адвокаттың бұл әрекетіне қылмыстық іс бойынша шешім қабылданған кезде шара қолданылатынын айтты.

Содан кейін Бишімбаев жауап беруді әрі қарай жалғастырды. Айтуынша, зал ішінде екеуі бір-бірінің жейдесін жыртып тастаған.

...Өзінің жейдесі жыртылғанын көрген соң ашулана бастады. Мені әрі қарай ренжіткісі келіп, киімін шешіп, маған лақтырды. Бұл киімді 8 қарашада сатып алған едік. Осы кезде өзімді ұстай алмай, бірнеше рет шапалақпен салып жібердім. Ол шегінді. Бәрі өте тез болды. Ол шалбарын да шеше бастады. Мен арқа тұсынан кеп ұстадым. Мен оны жіберген сәтте шалбарын шешкісі келіп, тепе-теңдікті сақтай алмай, қабырғаға соғылды. Содан кейін бетімен унитазға құлады. Соққы қатты болды. Артынша еденге құлап түсті. Осындай екі соққы алды. Мен бәріне қарап тұрдым. 10-15 секунд осындай күйде жатты, - дейді Қуандық Бишімбаев.

Ол нақты қанша уақыт өткенін айта алмайтынын, ештеңе істемей, болған жағдайға қарап тұрғанын айтады.

«Баяу тұра бастағанында оған көмектескен жоқпын. Сағат пен неке сақинасының унитаз ішінде жатқанын көріп, «ішінен ал» дедім. Ол алды. Тепе-теңдікті сақтай алмай тағы бетімен құлап түсті. Дәретхананың есігінен қарап тұрдым. Екінші рет көтерілгісі келгенінде көмектестім. Екі рет құлағаннан кейін, қабырғаға сүйеніп отырды. Иек тұсынан қан аға бастағанын көрдім», - дейді ол.

Айтуынша, Нүкенованы сондай жағдайда қалдырып кеткен. Залдан шылым шегуге шыққан. 

Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:

99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру);

110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (қинау).

Бақытжан Байжановқа қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:

432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу);

434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау).