Облыс әкімдіктеріне тасқын су туралы ескертілген – Қазгидромет
Тасқын қаупі төнетінін айттық. Бәрін алдын ала ескерттік, - деді Данара Әлімбаева
Мемлекеттік «Қазгидромет» орталығының бас директоры Данара Әлімбаева облыс әкімдіктеріне тасқын су туралы алдын ала ескертілгенін айтты.
Желтоқсан айынан бастап ескерту жасап, Батыс Қазақстан облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Қарағанды, Абай облыстарына тасқын қаупі төнетінін айттық. Уақытында ескерту жасадық. Бәрін алдын ала ескерттік. Бұл ақпарат әкімдіктерге жіберілген. Бұған қоса, наурыздан бастап қауіп-қатерлер жайлы хабарлап, жүзден аса ескерту жіберілді. Ақпаратты әкімдіктер мен министрлікке де жібердік. «Қазгидромет» қолдан келгенше ескерту, болжам жасады. Ақпарат ұсынды, – деді ол Үкімет отырысынан соң.
Қазір жоғарыда аталған облыстарда су тасқынының күшею қаупі сақталып отыр. Елімізде ауа райы айтарлықтай жылынса, ауылдарды тағы да су басып кетуі мүмкін. Сондықтан халықты қауіпті жерлерден көшіру жұмысы тоқтамайды. Алдағы уақытта су тасқынынан зардап шеккен үйлердің орнына жаңа үйлер де салынуы мүмкін екені айтылып жатыр.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, су тасқынынан зардап шеккен үйлердің орнына салынатын бір жаңа үйдің құны 22 млн теңге болуы мүмкін.
Қолда бар мәліметке қарағанда, 5 өңірде 1 405 жеке үй, 99 саяжай және 10 ғимарат су астында қалған.