Су тасқыны: жаңадан салынатын бір үйдің құны 22 млн теңге болуы мүмкін
Қаржы алдымен жергілікті бюджеттен бөлінеді
Су тасқынынан зардап шеккен үйлердің орнына салынатын бір жаңа үйдің құны 22 млн теңге болуы мүмкін. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Үкіметтің баспасөз орталығында министрге «Су тасқыны болған жерлерде қираған үйлердің құрылысы қалай жүреді? Қанша қаражат бөлінеді?» деген сұрақ қойылды.
Қанат Шарлапаев алдымен тиісті ақпаратты жинау керектігін атап өтті.
«Қазір бүкіл әкімдік тиісті ақпаратты жинайды. Осыдан кейін біз сол жиналған ақпаратты қарастырамыз. Алдымен қаражат жергілікті бюджет есебінен бөлінеді, одан кейін республикалық бюджет қаражатын қарастырамыз. (Су тасқынынан қираған) үйлерге тоқталайын. Бір үйдің бағасы 22 млн теңге болады... Оның бір шаршы метрі – 280 мың теңге. Алайда бүгінде (су тасқынынан қираған) нақты үйлердің саны белгісіз. Жергілікті атқарушы билік бүкіл ақпаратты жинасын. Одан кейін тиісті қаражат бөлінеді. Қазір бір үйдің бағасы 22 млн теңге болуы мүмкін», - деді министр.
Бұған дейін ТЖМ су тасқынынан 5 өңірде 1 405 жеке үй, 99 саяжай және 10 ғимарат су астында қалғанын хабарлаған еді.
Сондай-ақ ҚР премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге келтірілген зиянды өтеуге қаражат жергілікті атқарушы органдар резервінде көзделгенін баяндады. Залалдың алдын ала мөлшерін ЖАО, Өнеркәсіп және құрылыс, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрліктері айқындайды. Қосымша қажеттілік туындаған жағдайда қаржыландыру Үкіметтің резервінен қарастырылады.
Іс-әрекет алгоритмі:
- материалдық зардап шеккендер ТЖ туындаған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде ЖАО-ға материалдық залалды өтеу туралы өтініш береді.
- ЖАО өтініш тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде келтірілген залалдың мөлшерін бағалауды ұйымдастырады.
- Тұрғын үйі қауіпті деп танылған зардап шеккен азаматтардың тізімін жергілікті әкімдіктер әзірлейді.
Су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабты премьер-министр Олжас Бектенов (штаб басшысы) басқарады, ал премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев штаб басшысының орынбасары болып тағайындалды. Штаб құрамына Президент әкімшілігінің басшылығы, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары кірді.