×

Қызылорда облысында дертке шалдыққан балаларға тамақ тауып беру қиындаған

1 келі ұн – 4200, бір бөлке нан – 3500 теңге

 Еркеғали Болатұлы 01.06.2022 | 09:57
фото: ашық дереккөз

Елімізде сирек кездесетін целиакия дертіне шалдыққан қызылордалық балалардың ата-аналары диеталық өнімдердің тым қымбаттығына шағымданып жатыр. Айтуларынша, ерекше балалар өмір бойы глютенсіз өнімдермен тамақтануы шарт. Аймақта бұл азық түрі мүлде сатылмайды екен. Сондықтан ата-аналар оларды шетелден тапсырыспен алдыруға мәжбүр.

«Астана» телеарнасына шағымданған Назерке Рахметова қызының целиакия дертіне шалдыққанын алғаш рет 6 айлығында білген. Ол 13 жылдан бері аглютенді диетада. Күнделікті тұтынатын наннан бастап, барлық жейтін тағамын Италия, Германиядан делдалдар арқылы тапсырыспен алдырады екен. Ал оның бағасы өте қымбат. 1 келі ұн4200, бір бөлке нан 3500 теңге. «Қызымның зейнетақысы қосымша дәрумендерді былай қойғанда, азық-түлігіне әзер жетеді» деп отыр шарасыз ана.

Алматы, Астана, Шымкент, Түркістан, Орал қалаларында, облыстарында безглютенді тамақ, ұн, рожки, печенье барлығы мемлекет тарапынан жылдың басында, ортасында тегін беріледі. Ал біздің облыс азғантай ғана балаға көмек көрсетпей отыр, - дейді ол.

Жалпы, бұл дертке шалдыққан балалардың есте сақтау қабілеті төмендеп, сүйектері сынғыш келеді екен. Ал диета сақтамаса, өміріне қауіп төнуі мүмкін. Кесел ішек жолдарынан жіңішке түтікше көмегімен зақымданған тінді кесіп алу арқылы анықталады. Мұндай сараптама балаларға өте ауыр тиеді дейді ата-аналар. Сондықтан олар мүгедектікті өмірлік етіп беруді сұрап отыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірде мұндай дертке шалдыққан 36 бала бар. Оларға дәрі-дәрмек алу үшін биыл облыстық бюджеттен 2 млн теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Алайда тегін азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі шешімін таппай келеді.

«Целиакия ауруы арқанды аурулардың тізіміне кірмегендіктен, балаларды диеталық тамақпен қамтамасыз ету денсаулық сақтау басқармасының міндетіне кірмей жатыр.

Бірақ халықты әлеуметтік қорғау басқармасына 36 баланы тамақпен қамтамасыз ету үшін хаттар жолдаған болатынбыз. Бірақ ол жақтан да бұл мәселе шешімін таппады, - дейді Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мая Мирзанова.

Айта кетсек, елімізде осы глютенді ауруға шалдыққан 100 шақты бала бар. Дәрігерлер әлем бойынша өте сирек кездесетін бұл ауруды анықтаудың қиын екенін де жасырмайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама