Қазақстан аумағының 27%-ын қар басып жатыр
Еліміздің 10 өңірінде су тасқыны қаупі сақталады. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қазір Қазақстан аумағының 27%-ын қар басып жатыр.
«Ең үлкен су тасқыны Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының және Қостанай облысының оңтүстік бөліктерідегі өзендерде болып жатыр.
Алайда су тасқыны қаупі әлі күнге дейін сақталады. Шығыс Қазақстан (Ертіс, Бұқтырма, Үлбі, Оба), Абай (Ертіс, Шар, Аягөз, Көкпекті), Қарағанды (Нұра, Шерубайнұр, Соқыр, Кеңгір, Тоқырау), Ұлытау (Шерубайнұра, Соқыр, Кеңгір, Тоқырау), Ақмола (Есіл, Қалқутан, Жабай, Селеті), Солтүстік Қазақстан облыстары (Есіл, Қалқутан, Жабай, Сергеев су қоймасы) және Қостанай облысының солтүстік жартысындағы өзендерде су деңгейінің көтерілуі және қауіпті белгілерден асуы байқалады», - деді министр Үкімет отырысында.
Ерлан Нысанбаев сәуірде ауа райы қандай болатынына тоқталды.
«Биыл 1-10 сәуір аралығында Қазақстан аумағының басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы сақталады. Республиканың басым бөлігінде жауын-шашын нормаға жақын, ал елдің оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыстың таулы және тау бөктеріндегі аудандарда нормадан көп болады.
Сәуірдің бірінші онкүндігінің басында және екінші жартысында республиканың басым бөлігінде түнде жаңбыр түріндегі жауын-шашын қарға ауысып, күндіз жаңбыр жауады. Еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында жаңбыр болады», - деді ведомство басшысы.
Қатты жауын-шашын республиканың шығысында (Абай облысы, Шығыс Қазақстан облысы) 3-ші және 10 сәуірде, орталықта және оңтүстік-шығыста (Ұлытау облысы, Қарағанды облысы, Жамбыл облысы) 8-9 сәуірде, Түркістан, Алматы облыстарында және Жетісу облысында 9 сәуірде болады.
Жауын-шашынның тоқтауы елдің батысында бірінші онкүндіктің басында, республиканың көп бөлігінде онкүндіктің ортасында болады.
Онкүндік басында солтүстікте, солтүстік-батыста, шығыста, елдің орталығында ауа температурасының төмендеуі түнде 2-7 градус аязды, күндіз 3-8 градус жылуды көрсетеді. 4 сәуірден бастап біртіндеп түнде 0-5 градус жылуға дейін, күндіз 12-20 градусқа дейін жоғарылайды, ең жылы температура 5-7 сәуірде болады және онкүндіктің соңында температура төмендейді, - деді Ерлан Нысанбаев.
Министр Ресейде де қар қарқынды еріп жатқанын, бұл жағдай Қазақстанға әсер ететінін ашық айтты.
«Росгидрометтің мәліметінше, Ресей аумағында қардың қарқынды еруіне байланысты Жайық өзенінде мұздың бұзылып, судың деңгейі көтеріледі.
Осыған байланысты сәуірдің екінші жартысында Орал өзенінің бассейнінде (БҚО, Атырау) жыл сайынғы су тасқыны болады деген болжам бар. Гидрологиялық және метеорологиялық жағдайлар күрт өзгерген жағдайда Қазгидромет су тасқыны қаупі туралы ескерту жариялайды», - деді ведомство басшысы.