Еліміздің солтүстігі мен шығысында су тасқыны күшейеуі мүмкін
Қазақстаның солтүстігі, орталығы және шығысында өзендерде су деңгейі көтеріліп, су тасқыны күшеюі мүмкін. Бұл туралы Төтенше жағдай вице-министрі Бауыржан Сыздықов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бауыржан Сыздықовтың айтуынша, министрлік су тасқыны салдарын жою бойынша іс-қимылдарды үйлестіруді жалғастырып жатыр. Ведомствоның, әкімдіктердің, Қорғаныс, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Ұлттық қауіпсіздік комитеті бөлімшелерінің күштері мен құралдары жұмылдырылған.
«Су тасқыны жағдайы тұрақты-күрделі, батыс аймақтарда су аздап төмендеді, орталық, солтүстік және шығыс бөліктерінде керісінше өзендер деңгейінің қарқынды жоғарылауы байқалады.
Су басу аймағында 5 облыс қалды. Әкімдіктермен жергілікті ауқымдағы 20 төтенше жағдай жарияланды.
Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында күрделі жағдай сақталып отыр. Бұл жерлерге дереу күштер мен құралдар жіберілді. Өңірлерде авариялық-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Су тасқынынан 15 786 адам құтқарылды және эвакуацияланды. Оның ішінде 6187 бала (Ақтөбе, Қостанай, БҚО, Ұлытау, Абай, Ақмола, Атырау, Қарағанды, СҚО, Түркістан, Алматы, Павлодар) бар.
Қазір уақытша орналастыру пункттерінде 4 113 адам, оның ішінде 1 911 бала (Ақтөбе, БҚО, Ақмола, Атырау, Қостанай) бар. Олар үшін қажетті барлық жағдай жасалған», - деді Бауыржан Сыздықов Үкімет отырысында.
Вице-министр басқа елді мекендерді су басуына жол бермеу үшін алдын алу шаралары күшейтілгенін атап өтті.
«Жалпы алдын алу шаралары еліміздің 11 өңірінде – 45 мыңнан аса адам тұратын 46 елді мекенді су тасқынынан қорғауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде өткен тәулікте таңғы сағат 6-дағы жағдай бойынша тұрғын үйлерді айтарлықтай су басуға жол берілмеді.
Сондай-ақ 5 өңірде 1 405 жеке үй, 372 аула аумағы, 99 саяжай және 10 ғимарат су астында қалды.
Су шайып кеткен 55 автожол учаскесі мен төрт көпірді (Абай, Қостанай, Атырау) қалпына келтіру жұмыстары бақылауда.
50 елді мекен тұрғындары көлік қатынасынсыз қалып отыр. Олармен үнемі байланыстамыз, әкімдіктер азық-түлік және дәрі-дәрмек резервтерін дайындады, оларды уақытымен жеткіздік.
Бұл жерде төтенше жағдайлар аймақтарында қажет көмек көрсететін еріктілердің жұмысын атап өткім келді», - деді министрдің орынбасары.
Бауыржан Сыздықов су қоймалары мен өзендердің толымдылығы бақылауда екенін айтты.
«Қазір Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы өзендерде су деңгейінің жоғарылауы байқалады, Шығыс Қазақстан облысының таулы жерлерінде де үлкен қар көлемі жатыр. Қажет болған жағдайда бұл өңірлерге министрліктің күштері мен құралдары қосымша тартылады.
Тәулік бойы азаматтарды хабардар ету және ақпараттандыру іске асырылады. Зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсету үшін сенім телефондары жұмыс істейді. Әкімдіктер алгоритм бойынша іс-шараларды орындау қажет. Су тасқыны мен оның салдарын жою Төтенше жағдайлар министрінің үйлестіруімен жалғасып жатыр», - деді вице-министр.