×

Тоқаевтан қатаң сөгіс алған министр су тасқынына қарсы іс-шаралар бойынша кеңес өткізді

Нұржігітов су тасқыны кезеңі аяқталғаннан кейін барлық су қоймасы 100% толуы керек екенін айтты

 Халық үні 02.04.2024 | 10:25
Фото: primeminister.kz

Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған жоспарына су тасқынына қарсы іс-шаралар енгізіледі. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің су тасқынына қарсы іс-шаралары талқыланған жиында айтылды.

Ведомство ақпаратына сәйкес, 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдама бекітілген.

Оны іске асырудың кешенді жоспары бар. Еріген қар суын ауыл шаруашылығында пайдалану жоспарын шұғыл әзірлеу қажет. Су тасқыны кезеңі аяқталғаннан кейін барлық су қоймалары 100% толуы керек, бірақ су жинау кезеңі су шаруашылығы құрылыстарына зиян келтірмейтіндей өтуі керек, - деді министр Нұржан Нұржігітов.

Нұржігітов министрлік пен жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара жедел іс-қимылдың маңызын атап өтті.

Жергілікті атқарушы органдармен және басқа да ведомстволармен белсенді өзара іс-қимыл жасау қажет. Су тасқыны кезінде ғана емес, жыл бойы тығыз байланыста болуы керек. Өйткені министрліктен бөлек, әкімдіктердің де балансындағы су қоймалары бар. Сондай-ақ бірлесіп су шаруашылығы құрылыстарын жөндеуді жылдамдатамыз, - деп қорытындылады ол.

Айта кетейік, 30 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар өңірінде болған су тасқыны салдарынан туындаған төтенше жағдайға байланысты шұғыл кеңес өткізді. Жиын барысында президент су тасқынына қарсы уақтылы шара қабылдамағаны үшін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс жариялады. Сондай-ақ Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс және қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Ал  Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жарияланды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама