Украинадан эвакуацияланған қазақстандықтардың жартысына жуығы сол елге қайта оралды – СІМ
2022 жылы Украинадан 700-ден аса қазақстандық елге эвакуацияланған
Бүгінде Украинадан эвакуацияланған қазақстандықтардың жартысына жуығы елден кетіп қалған. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Украинада соғыс басталған кезде Қазақстан азаматтарын эвакуацияладық. Қазір соның жартысына жуығы қайтадан Украинаға кетті. Қазір олардың өміріне қауіп тұр ма, жоқ па білмейміз. Өйткені, (олар) соғыс болып жатқанын бізден жақсы біледі. Оны қайта-қайта айта берудің қажеті жоқ. Әр адам өз қауіпсіздігіне өзі жауап береді. Бірақ елшіліктің міндеті Қазақстан азаматтары хабарласса, оларға көмектесуі қажет. Қазір Украинада қанша қазақстандық жүргенін нақты білмейміз», - деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
СІМ ресми өкілі Украинаға қанша қазақстандық қайта оралғанын нақтыламады.
Ресми дерекке сүйенсек, 2022 жылы Украинадан 700-ден аса қазақстандық елге эвакуацияланған.
Қазақстанның Украинадағы елшілігі 2022 жылғы 28 наурызға дейін Польшаның Катовице қаласынан 7 эвакуациялық әуе рейсі жасалғанын хабарлайды. Украинадан Қазақстанның 900 азаматы эвакуацияланды. Оның 743-і Қазақстанға оралды, - деп жазылған елшілік таратқан хабарламада.