×

Соңғы 5 айда Қытайға баратын қазақстандықтардың қатары көбейген

2023 жылдың қарашасында Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим күшіне енді

 Дәурен Ерболат 01.04.2024 | 17:13
фото: Halyq Uni

Қос ел арасында визасыз режим енгізілген соң Қазақстан азаматтары Қытайға жиі бара бастаған. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Былтыр 10 қарашада күшіне енген екі ел арасындағы келісім өз нәтижесін беріп жатыр. Статистикаға сүйенсек, 2023 жылғы 10 қарашадан бері Қазақстанға 126 мың Қытай азаматы келген. Сондай-ақ осы уақыттан бері Қытайға 173 мың қазақстандық барған. Өзім де 2 күн бұрын Қытайға барып келдім. Ұшақтың бәрінде толған Қазақстан азаматтары. Сұрастырсаң, көбі турист. Мысалы, 1-2 ата-ананы көрдім. Олар балаларын (Қытайда) оқыту үшін университет қарауға бара жатыр екен. Сондықтан мәдени гуманитарлық байланыс нығайып келеді. Президенттің және сыртқы істер министрінің сапары да өте сәтті өтті деп ойлаймын», - деді ресми өкіл.

Еске салайық, 2023 жылдың қарашасында Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим күшіне енді. Екі тараптың келісіміне сәйкес, Қытай және Қазақстан азаматтары көрші елде шекарадан өткен күннен бастап 30 күнге дейін визасыз бола алады. Жалпы 180 күн ішінде визасыз 90 күннен артық жүре алмайды.

«2023 жылғы 10 қарашада Қазақстан үкіметі мен Қытай үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім күшіне енді. Осы келісімнің 1-ші бабына сәйкес, екі елдің азаматтары жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сонымен бірге іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылады. Осы ретте азаматтардың екі мемлекет аумағында болу мерзімі күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімдегі кезеңге, ал күнтізбелік 180 (жүз сексен) күн ішінде жиынтығында күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен аспауы қажет», деп жазылған Қазақстан СІМ-нің хабарламасында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама