Қызылордада білім бөлімінің басшысы лауазымынан босатылды
Ол педагогтерді жұмысқа қабылдау туралы заңсыз бұйрық берген
Қызылорда қаласы прокуратурасының қадағалау актілері негізінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасау фактілерімен лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Атап айтқанда, Қызылорда қаласы білім бөлімінің басшылығы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану арқылы 2022-2023 жылдар аралығында 5 қызметкерді конкурссыз білім беру ұйымдарына педагог ретінде жұмысқа қабылдау туралы заңсыз бұйрық қабылдаған.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары тарапынан қала аумағында 40 жаяу жүргіншілер проекторларын орнату бойынша орындалмаған жұмыстар қабылданып, 27 млн қаражат негізсіз аударылған.
Қадағалау актілерін қарау нәтижесінде білім бөлімінің басшысы лауазымынан босатылса, бөлім басшысының орынбасары «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.