Halyq Uni логотип
×

Онлайн-петиция, микрокредит беру тәртібі: Сәуірде қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұр?

Сәуірден бастап 1 сыныпқа құжат қабылдау басталды, ата-аналар өтінішті 31 тамызға дейін бере алады

 Айнұр Шошаева 01.04.2024 | 12:19
Онлайн-петиция, микрокредит беру тәртібі: Сәуірде қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұр?
коллаж: Halyq Uni

Бүгін ел мектептерінде төртінші тоқсан басталды. Сәуірде Қазақстандағы бірқатар заңдарға енгізілген өзгерістер күшіне енеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Төртінші тоқсанның ұзақтығы 8 оқу аптасын құрайды. 25 мамырда қорытынды шығарылып, оқу жылы аяқталады.

Бұған қоса, 1 сәуірден бастап 1 сыныпқа қабылдау үшін құжаттарды қабылдау басталады. Баласын мектепке бергісі келетін ата-аналар өтінішті 1 сәуірден 31 тамызға дейін бере алады (бұрын құжатты 1 тамызға дейін тапсыру қажет болатын). Өтінімдер eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы электрондық форматта қабылданады. Сонымен қатар, демалыс кезінде басқа мектепке ауысуға шектеу алынып тасталды. Жаңа ережелер бойынша білім беру мекемесін оқу жылы ішінде тұрғылықты жері бойынша ауыстыруға болады.

БИЛІК ОНЛАЙН ПЕТИЦИЯЛАРДЫ ҚАРАЙТЫН БОЛДЫ

Қазақстандықтар үшін маңызды өзгеріс – 27 сәуірден бастап билік онлайн петицияларды қарастыратын болады. Тиісті заңға президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қазан айында қол қойған еді. Заңда «петиция» ұғымына анықтама беріліп, оны беру және қарау тәртібі бекітілді. Құжатқа сәйкес, Қазақстан азаматтары арнайы интернет-портал арқылы өтініш беруге тиіс. Бұл ретте петициялар басқару нысанын, республиканың әкімшілік-аумақтық құрылымы мен шекараларын, сот төрелігін, рақымшылықты, ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттік тілді және т. б. өзгерту сияқты мәселелер бойынша берілмейді.

Айта кетейік, заңда өтінішті міндетті түрде қарау үшін қанша адам қол қоюы керек екендігі белгіленген. Бұл көрсеткіш берілетін мәселенің деңгейіне (аудандық, облыстық, республикалық) және тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте тұратын адамдардың санына байланысты. Үкіметте қарау үшін өтініш кем дегенде 50 мың қол жинауы керек.

МИКРОКРЕДИТ БЕРУ ТӘРТІБІ ӨЗГЕРЕДІ

Осы айда күшіне енетін тағы бір жаңалық - микрокредиттер беру бойынша талаптар өзгереді. Бүгіннен бастап микроқаржы ұйымдары қарыз берер алдында оның төлем қабілеті мен борыштық жүктемесін бағалау үшін клиенттің ресми кірістерін тексеруге міндетті болады. Заң бойынша барлық несие төлемдері адам табысының 50%-нан аспауы керек. Егер қарыз алушының ресми кірісі болмаса, МҚҰ микрокредиттеуден бас тартуға мәжбүр болады.

Сондай-ақ қарыз алушының қарыз жүктемесінің коэффициенті жаңа тәсілмен есептеле бастайды: енді бұл көрсеткіш барлық өтелмеген қарыздар бойынша ай сайынғы төлем сомасының, сондай-ақ қарыз алушының соңғы алты айдағы орташа айлық табысына ай сайынғы жаңа қарыз бойынша төлем сомасының қатынасынан тұрады.

ҚАДІР ТҮНІ

Биыл Қазақстанда қасиетті Рамазан айы 11 наурызда басталған болатын. Сәуір айының 5-нен 6-на қараған түн – қасиетті Қадір түні.

Ислам ғұлмалары: «Қадір түні – тағдыр түні. Оның бұлай аталуының себебі, Алла Тағала бұл түні келесі жылғы Қадір түніне дейін кімнің өмірге келетінін, кімнің ажалы жететінін, кімге қанша  ризық-несібе бөлінетінін белгілейді. Содан соң барлығын төрт періштеге: Жәбірәйіл, Исрафил, Микәйіл және Өлім періштесіне тапсырады», ‒ деген.

Мұсылмандар бұл түнде құлшылық етіп, ғибадатпен өткізгені абзал, себебі Қадір түнінде тілеген дұға-тілектер қабыл болатыны жазылған. Сонымен қатар, 10 сәуір – Ораза айт мерекесі.

Еске сала кетейік, биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 640 теңге болып бекітілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама