«Өліміне қатысым барын мойындаймын»: Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованың туыстарынан кешірім сұрады
Бишімбаев сотта жауап беріп жатыр
Қуандық Бишімбаев сотта жауап беріп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бишімбаев жәбірленушілер мен марқұмның туыстары, ата-анасы отырғанын айтып, олардың алдында кешірім сұрады.
«Кәнім жоқ» немесе «айыпты мойындамаймын» деген мәлімдемемді түсіндіргім келеді. Мен әйелім Салтанатты аса қатыгездікпен, мақсатты түрде өлтірді деген айыпты мойындамаймын, - деді Бишімбаев.
Бишімбаев жауап беріп жатқан кезде Нүкенованың анасы сотталушыға қарата «қызымның түрін көрген жоқпын, қатыгездікпен өлтірген жоқпын деп қалай айта аласың», «сен оны 8 сағат бойы өлтірдің» деп айтты.
Мені жек көрулеріңізге болады, мені қарғауыңызға болады. Жаратқанның алдында, сіздердің де алдыңызда жауап беруге дайымын. Салтанатты жақсы көрдім. Оның өліміне қатысым бар екенін мойындаймын. Тағылған айыпты мойындамауым менің бұл іске қатысым жоқ екенін, кінәлі емес екенімді білдірмейді. (...) Кез келген жазаны қабылдауға дайынмын, бірақ өзімді қорғауым керек, - деді Бишімбаев.
Айта кетейік, 2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін экс министр қамауға алынды.
Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің аса қатыгездікпен адам өлтіру және қинау бабы бабы бойынша айып тағылған. Ал оның туысы Бақытжан Байжановқа аса ауыр қылмысты жасырып қалу және аса ауыр қылмысты хабарламау бойынша айып тағылып отыр.
2024 жылдың 11-12 наурызында Астанада қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Соның барысында Бишімбаевтың адвокаттары қылмыстық істі прокуратураға қайта жіберуді, Бишімбаевтың әрекетін аса қатыгездікпен адам өлтіру бабынан абайсызда қазаға ұшырату бабына қайта саралауды сұрады. Тіпті Нүкенованың құрбыларын да жауапқа тартуды сұраған еді. Алайда сот сотталушы тараптың барлық өтінішін кері қайтарып, тек алқабилерге қатысты бөлігін қабылдады.
Мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін де оқыды. Соған сәйкес Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаев 2022 жылдың тамызында танысқан. Ал тойы сол жылдың желтоқсанында өткен. Алайда Бишімбаев пен Нүкенова заңды некеде тұрмаған. Қарым-қатынас барысында Бишімбаев Нүкеноваға туыстары, құрбыларымен кездесуге, жұмыс істеуге рұқсат бермеген және үнемі қызғанған. Соған байланысты үнемі физикалық күш қолданған.
Қайғылы оқиға болған күні Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаев Астанада өткен концертке барған. Алайда концерт аяқталмастан, ол жерден шығып, Bau мейрамханасына барады. Сол жерде Нүкенова қарым-қатынасты тоқтатқысы келетінін айтқан. Арада жанжал шығып, Бишімбаев Нүкенованы ұрып соққан. Салдарынан әйел қайтыс болған.