×

Ақтөбе облысындағы су тасқыны: Асхат Шахаров халықты сабырға шақырды

Ең көп зардаш шеккен – Қаратал, Екпетал және Ақкемір ауылдары

 Дәурен Ерболат 01.04.2024 | 10:30
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров су тасқынынан зардап шеккен Ойыл ауданының тұрғындарымен кездесіп, халықты сабырға шақырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл 29 наурызда Ойыл ауданында су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланған. 

Асхат Шахаров Ойыл ауданын әуеден бақылады. Бүгінде ауданға қарасты ауылдарды су басқан: 318 үй. Ең көп зардаш шеккен – Қаратал, Екпетал және Ақкемір ауылдары.  

Қазір су басқан және су басу қаупі бар 9 ауылдан 1 200-ден аса тұрғын көшірілді. Алайда оның 255-і ғана Ойылдағы спорт мектебі, аграрлық колледж және Шәрбану Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясындағы эвакуациялық орталыққа орналастырылды.

Шәрбану Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназия жанындағы интернат №3 эвакуациялық пункт болып бекітілді. Мұнда Екпетал және Жаңабаз ауылдарының 65 тұрғыны орналастырылды. Әйелдер саны – 17, қалғаны – балалар. Олардың жағдайы бірқалыпты. Ерікті жандар көмегін беріп жатыр, - деді мектеп директоры Шынар Бисенова.

Облыс әкімі тұрғындармен кездесіп, олардың өтініштерін тыңдады. Ойылдықтарды тұрғын үй мен төрт түліктің жайы мазалайды. Асхат Шахаров қызыл судан келген шығынды қалпына келтіреміз деп халықтың көңілін жұбатып, сабырға шақырды.

Сіздерді көргеніме қуаныштымын. Біз барлық күшті адам шығынын болдырмау үшін жұмылдырдық. Оңай болған жоқ. Ойыл ауданы үшін қатты уайымдадық. Өйткені тұрғындарды көшіру үшін тікұшақ керек болды. Ең бастысы, бас аман. Баспана да тұрғызылады, шығын өтеледі, - деді өңір басшысы. 

Айта кетейік, өңірде материалдық залалды есептеу және өтеу бойынша комиссия жұмысын бастады. Алайда барлық зақымданған баспананың, суға кеткен малдың құжаты болуға тиіс.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама