Таразда оқушылар қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін автобустармен тасымалданған

Динара Амантай

Кінәлі адамдар әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды

Фото: Halyq Uni

Тараз қаласының прокуратурасы қала мектептерінде балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздікті сақтау мәселесі бойынша тексеру жүргізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Нәтижесінде қала мектептеріндегі 19 автобустың 10-ы Инвестициялар және даму министрі міндетін атқарушының 2015 жылғы 26 наурыздағы №349 бұйрығымен бекітілген Жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен тасымалдау ережелерінің талаптарына сәйкес келмеген.

Атап айтқанда, жүргізушілер рейс алдында медициналық тексеруден өтпеген. Бұған қоса, автобустарда медициналық қобдишалар, өрт сөндіргіштер, «Балаларды тасымалдау» белгілері болмаған.

Автобустарда тасымалданатын балалардың жалпы саны отыруға арналған орындардың санынан асқан.

Балалардың қауіпсіздігіне қатер төндіре отырып, жүргізуші тасымалдауды жүргізуші куәлігінің тиісті санаты болмай, сақтандыру полисінсіз және техникалық байқаудан өтпей іске асырған.

Прокурорлық қадағалау актілерімен кінәлі адамдар әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды.