Медреседе де ойын автоматы тұр – депутат
Елімізде медреседе де ойын автоматы тұр. Онда адамдар бәс тігіп жүр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Руслан Берденов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның пікірінше, ойын бизнесіндегі алпауыт компанияларды да бақылауға алу керек.
Біз тек жаңадан ашылатын онлайн казиноларға емес, жұмыс істеп жатқан алпауыт компанияларға да қатаң заңдар шығаруымыз керек. Ойынқұмарлық, бәс тігу туралы айтқанда «Сәтті Жұлдыз» ұлттық операторын ұмытып кетеміз. Ол – монополист компания. Оның бөлімшелері бүкіл үйде, дүкенде, тіпті діни мекемелерде де бар, - деді Руслан Берденов Мәжілісте.
Депутат медресеге лотомот қойылғанын, онда діни қызметкерлердің бәс тігіп жүргенін жеткізді.
Кеше мен видео көрдім. Онда діни мекеменің (медресенің) өзіне де (лотомат) қойыпты. Жасы да, кәрісі де ойнап жүр, - деді ол.
Руслан Берденов бұл оқиғаның нақты қайда болғанын айтқысы келмеді.
«Мән-жайды толық айта алмаймын. Қазір лотоматтар арқылы лоторея және құмар ойындарды онлайн ойнауға болады. Кеше маған видео жіберілді. Медреседе осындай аппарат қойылыпты. Онда бәс тігіп, түрлі төлемдер жасауға болады», - деді депутат.