Есірткі қылмысына баратын азаматтардың қатары жыл сайын жасарып келеді – судья

Халық үні

Баланың есірткі қолданғанын тексеретін арнайы тест бар

коллаж: Halyq Uni

Жалпы, есірткіге әуестік Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемнің дегбірін қашырған құбылыс болып отыр. Ең өкініштісі, нашақорлардың жасы жыл өткен сайын жасарып барады. Бұл туралы дәрігер-нарколог Тоқтар Қойшыбеков Halyq Uni YouTube жобасына берген сұқбатында айтты.

Сарапшының айтуынша, 1987 жылы есірткіге тәуелділер 35-40 жастағы адамдар болса, бүгінде 14 жасқа енді толған жасөспірімдер қатары да көбейген.

«Бүгінде жастар мен жасөспірімдер синтетикалық есірткілердің құрбаны болып жатыр. Бұл заттар өте оңай жасалады. Ешқандай арнайы білімі жоқ, 18 жастағы жігіт интернеттен көріп отырып, үйінде есірткі дайындаған. Бірақ синтетикалық есірткіге тәуелділерді емдеу қиын. Емделген күннің өзінде адамның миы зақымдалғандықтан, оның психикасы тұрақсыз болады», - дейді нарколог-дәрігер Тоқтар Қойшыбеков.

Одан бөлек, Тоқтар Қойшыбеков ата-аналарға баланың эмоционалдық күйін үнемі бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.

«Баланың көңіл-күйі тұрақсыз болса, ата-ана дереу дабыл қағу керек. Баланың есірткі қолданғанын тексеретін арнайы тестер бар. Егер күмәніңіз дәлелденсе, қорықпай, жасырмай, баланы психологқа, психотерапевтке апару керек. Уақытты созған сайын, жағдай ушыға береді. Балада невротикалық, психикалық бұзылыстар басталады. Суицидке бейімділік артады. Сондықтан тәуелділіктің 2-ші, 3-ші сатысына жеткізбей, баланы уақытында емдету қажет», - дейді нарколог-дәрігер Тоқтар Қойшыбеков.

Қоғамдағы ең кең таралған қылмыстың бір түрі - есірткі және психотропты заттардың заңсыз айналымы. Заманауи технологиялар дамыған сайын есірткінің жарнамасы мен насихаты цифрлық кеңістікті емін-еркін жаулады. Есірткіні әлеуметтік желілер, Telegram каналдар арқылы шетелде отырып-ақ сату мүмкіндігі молайды. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Қанат Тобағалиұлы болмашы тиын-тебен үшін есірткіні таратумен айналысып жүрген жастар қоғамға зор қиянат жасап жатқанын айтады.

Есірткіні қаланың әр жеріне жасырып, тарататындардың дені - жастар. Олар 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Telegram каналдар арқылы QIWI әмиянға төлем жасатып, сатады. Оны сатып отырғандардың көбі шетелдің азаматы болып шығады, - дейді судья Қанат Тобағалиұы.

Судьяның айтуынша, 2023 жылы есірткі қылмысы бойынша сотталғандардың басым бөлігі – ерлер (92%), қалғаны – әйелдер (18%).

Есірткіге тәуелді азаматтар қажет дозаға қол жеткізу үшін түрлі қылмыстарға барады. Кейбірі шын өкінеді, кейбірі жазасын өтеп шығып, қайта жаза басады, - дейді судья Қанат Тобағалиұлы.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша республикада есірткі мен психотропты заттарға тәуелді 18 329 адам бар. Ер адамдар – 16 817, әйелдер – 1 512. Соның ішінде 18 – 29 жас аралығындағы жастардың үлесі 15% (2734), 66-сы балалар.