Halyq Uni логотип
×

44 миллионнан астам қоңырау бұғатталған: Қазақстанда алаяқтар халықты қалай алдайды?

Биыл екі ай ішінде қазақстандықтарға алаяқтар тарапынан 4 млрд теңгеден астам залал келген

 Айнұр Шошаева 29.03.2024 | 11:11
44 миллионнан астам қоңырау бұғатталған: Қазақстанда алаяқтар халықты қалай алдайды?
көрнекі фото: Halyq Uni

Қазақстанның байланыс операторлары алаяқтық мақсатпен шетелден қоңырау шалатын нөмірлерді бұғаттайды. Осы уақытқа дейін қазақстандықтарға жасалынған 44 млн-нан астам қоңырау бұғатталған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

ІІМ Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, биыл екі айда Қазақстанда 3 мыңнан астам интернет алаяқтық тіркелген. Нәтижесінде қазақстандықтарға 4 млрд теңгеден астам залал келген.

«Интернет алаяқтықтың кең таралған түрлері – белгілі сауда алаңдары сайттарында, әлеуметтік желілер мен месенджерлердегі хабарландырулар мен жарнамалар арқылы жасалатын интернет сауда. Әдетте алаяқтар тауардың немесе қызметтің бағасын төмен етіп көрсетеді және алдын ала төлемді немесе толық төлемді сұрайды. Биыл бір мыңнан астам осындай қылмыс тіркелді. Алаяқтардың құрбаны болмауы үшін біріншіден тексерілген жарнама сайттарын пайдалану қажет. Екіншіден төлемді тауарды қолға алғаннан кейін келісу керек. Үшіншіден, тауардың бар екеніне көз жеткізу қажет, оның ішінде бейнеқоңырау арқылы тексеруге болады», - деді ол.

Соңғы жылдары күмәнді брокерлік компаниялар мен жобаларға инвестициялауды ұсыну жиілеген.

«Азаматтарымыздың күмәнді брокерлік компаниялар мен жобаларға ақшаны инвестициялау арқылы ақшаны тез көбейтудің түрлі схемаларға қатысуы жалғасып жатыр. Жыл басынан бері осындай схемаларға қатысқан 300-ден астам қазақстандық анықталды. Олар өз ақшасын жоқ инвестициялық жобаларға салды. Сонымен қатар кейбір жағдайда осы мақсат үшін несие рәсімделгені белгілі болды. Алаяқтар ұлттық компаниялар, банктер мен криптобиржалардың атынан жалған сайттарды құру арқылы азаматтарды қызықтыруда. Бұл жалған брокерлермен барлық қарым-қатынас онлайн режимде, оның ішінде месенджерлер арқылы өтеді. Кейбір жағдайда сендіру үшін жалған криптобиржаның аккаунтын жасап, тіркеп қояды», - деді ІІМ өкілі.

Бұған қоса, кең таралған тәсілдің бірі банк, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың атынан хабарласып, халықты алдау болып отыр.

«Қазір мұндай қылмыстан шетелден жасалған қоңыраудың байланыс операторлары таниды, бірден бұғаттайды. Осылайша жүйенің жұмыс істеу кезеңінде 44 млн жуық осындай қоңырау бұғатталған. Мұнымен тоқтап қалмай, алаяқтар алдаудың жаңа жолдарын іздеуді жалғастыруда. Қазір негізінен шетелдік нөмірлер және ватсап месенджермен қоңырау шалу арқылы жасалған алаяқтық тіркеліп жатыр. Биыл осындай 1 мыңнан астам қылмыс жасалды. Азаматтардың ақшасын депозиттен немесе шотынан қауіпсіз шотқа аударуға көндіреді. Ол кейіннен ұрланған ақша басқа шотқа немесе қолма-қол ақшаға аударылады. Сондай-ақ алаяқтарға сенген азаматтар өз еркімен несие рәсімдейді немесе телефондарына қашықтан қол жеткізуге мүмкіндік беретін қосымшаны орнатып, банктерден келіп түскен СМС кодтарды хабарлайды. Осылайша азаматтар банктер қолданатын барлық қауіпсіздік шараларын айналып өтеді. Кей жағдайда қолда бар мүлкі – пәтер, автокөліктерін кепілге қояды немесе сатады, түскен ақша алаяқтарға аударылады. Банк пен полиция қызметкерлері ешқашан дербес ақпаратты жинамайды және телефон арқылы операцияларды жүргізбейді», - деп толықтырды сөзін Жандос Сүйінбай.

Сонымен қатар ол былтыр Астанада 4 алаяқтық колл-орталық анықталғанын атап өтті. Оның қызметкерлері жақын және алыс шетелдердегі байланыс операторларының нөмірлеріне қоңырау шалғаны анықталған. Оның айтуынша, қазақстандықтарды алдаумен отандастарымызбен қатар, шетелдіктер те айналысып жүр.

Биыл Алматыда Украинадан келген алаяқтардың ҚР аумағында қылмыс жасау кезінде пайдаланған нақты абоненттік нөмірді жасыруға арналған жабдығы анықталды. Бұған қатысы бар Алматы қаласының тұрғыны ұсталып, абақтыға жабылды. Яғни ол шетелдік алаяқтарға көмектесіп отырған, - деді маман.

Полицейлер алаяқтарды қалай анықтауға болатынын еске салды. Ол үшін қазақстандықтар бірнеше белгіге назар аударуы керек.

«Алаяқтар телефонмен сөйлескенде несие рәсімдеу, жинақты сақтау немесе қайтару мүмкіндігі туралы хабарлайды. Осыдан кейін азаматтарға өз шарттарын айтып, оларды түрлі банк пен қаржылық операцияларды жасауға мәжбүрлейді. Өздерін құқық қорғау органы қызметкері ретінде таныстырып, қылмыскерлерді ұстауға көмексетуді талап етеді. Кейде бейнеқоңырау шалып жәбірленушілерді манипуляциялауға тырысады. Ешбір құқық қорғау органы бейнеқоңырау арқылы мұндай іс-шараларды өткізбейтінін еске саламыз», - деді ол.

Сондай-ақ қазақстандықтарға банктер, брокерлік инвестициялық компаниялар немесе құқық қорғау органдары қызметкерлерінің несие рәсімдеу, мүлікті сату және қаржыны қауіпсіз шотқа аудару деп аталатын телефон нұсқаулығын ешбір жағдайда орындауға болмайтынын атап өтті.

«Өйткені бұл органдар телефон арқылы ешқандай операция жүргізбейді. Азаматтар ешкімге өзінің дербес деректерін, CVV кодтарын, аударма түбіртектерін, СМС кодтарын бермеу керек. Телефонға бөгде мобильді қосымшаларды орнатуға болмайды. Төлем жасауды қажет ететін немесе спам хабарламаларға өтпеген жөн. Мысалы, қазір ортақ чаттарда «туысқаныма дауыс беріңіз» деп сілтемелерді жіберіп жатады. Мұндай сілтемелерге өтпеу керек, әрі оны басқа адамдарға таратпаған жөн. Өйткені олардың бәрі алаяқтардың арнайы жасаған сілтемелері. Көп адам білмей өтіп, өзінің ватсап месенджеріне параллельді қосылуына рұқсат береді. Алаяқтар ол адамның таныстарына жазып, ақша сұрап алдайды. Интернет алаяқтықты анықтау қиын, себебі алаяқтар көбіне шетелден қоңырау шалады. Алаяқ анықталған жағдайда белгіленген тәртіп бойынша сол елдерге сұрау хат жіберіледі. Оған жауап келгенде көп уақыт кететіндіктен, қылмыстық іс уақытша тоқтатылады. Негізінен қазақстандықтарды Ресей, Украина, Қытай мен Үндістаннан қоңырау шалып алдайды», - деді Жандос Сүйінбай.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама