Астанада Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот жалғасып жатыр
Астанада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша кезекті сот отырысы басталды. Қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
29 наурыздағы сот отырысында марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы – қылмыстық іс бойынша жәбірленуші Айтбек Амангелді тараптардың сұрағына жауап берді. Сот барысында Амангелді Бишімбаев пен Нүкенованың қалай танысқанын, қарындасының тұрмысқа шығу туралы шешімі, екеуінің отбасылық өмірі туралы айтты.
Оның сөзінше, 2023 жылдың наурызында Нүкенова ағасына бірнеше фото жіберген. Сотта Амангелді көрсеткен фотоға сүйенсек, Нүкенованың көзі көгергені анық көрінеді.
Осы фотоны 20 наурызда Салтанат маған жіберді. Мұны кешкі сағат тоғыз шамасында жолдапты, бірақ мен іс-шарадан келген соң ғана көрдім. Ол уақытта түнгі бір еді. Екі фотода ұрып-соққаннан кейінгі жағдайы түсірілген. Менің ойымша, мақсатты түрде жұдырықпен бірнеше рет ұрған. Салтанаттың жағдайы үшін қорықтым, бірден өзіне хабарластым. Ол телефонын көтермеді. Уайымдап, Қуандыққа хабарластым. Ол жауап берді. «Не болды?», «неге маған мұндай фотолар келеді?» деп сұрадым. «Үйге кел, сөйлесеміз, үйдің алдында кездесеміз» деп айтты, - дейді Айтбек Амангелді.
Айтуынша, тұрғын үйдің алдында күткен, алайда Қуандық Бишімбаев келмеген. Содан кейін пәтеріне көтерілген.
«Есікті Қуандықтың екінші некесінен туған қызы ашты. Ол мені танитын еді. «Салтанат қайда?» деп сұрадым. Ол білмейтінін айтты. Екеуміз бірге бөлмелерді аралап шықтық. Содан кейін Қуандыққа хабарластым. 20 наурызда түнгі сағат екі шамасы. Қызы өзінің бөлмесіне кетті. Қуандық екеуміздің арамызда жанжал шықты. Салтанат екеуінің мәселесі екенін айтып, менің араласпауым керек екенін айтты. Тұрмысқа шықса да, менің жалғыз қарындасым болып қала беретінін жеткіздім. Мені пәтерден шығарып жібергісі келді, содан кейін арамызда төбелес шықты. Есік пен ыдыс сынды. Бір уақытта сабырға келіп, Салтанаттың қайда екенін айтпаса, фотоларды Қуандықтың анасына жіберетінімді айттым. Себебі сол уақытта Салтанаттың телефоны сол ғимаратта еді», - дейді Амангелді.
Артынша Бишімбаевтың анасына хабарласып, ұлының Салтанатты ұрып-соққанын айтқан. Таба алмай жатқанын жеткізген.
«Анасы бұл жағдайда еш таңқалмады. Салтанатта үшінші қабаттағы пәтердің кілті бар екенін айтты. Сол пәтерде болуы мүмкін деді. Салтанат пәтер есігін ашпады. Сол соққыдан қайтыс болып кетуі де мүмкін деген түрлі ой келді. Полицияға хабарластым. Келіп, есікті бұзуын сұрадым. Біраз уақыттан кейін Салтанат есікті ашты. Салтанаттың бетіндегі соққының ізі қоңырланып кеткен. Маған жіберілген фотоның түсірілгеніне шамамен бір апта өтіп кеткен еді. «Киімдеріңді жина, кетеміз» деді. Салтанат ересек екенін, некесін сақтап қалуға тырысатынын, Қуандықты жақсы көретінін айтты», - дейді марқұмның ағасы.
Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:
99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру);
110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (қинау).
Бақытжан Байжановқа қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған:
432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу);
434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау).