Сауда орындары күн сайын тексерілуде
Елордада полиция насыбай мен вейп сататын орындарды тексеріп жатыр, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
18 наурыздан бастап қалада вейп пен насыбайдың заңсыз таралуы мен қолданылуын анықтау үшін рейд жүргізілуде.
2 аптада 700-ден аса сауда нүктесі тексерілді. Нәтижесінде насыбай өндірілетін жерасты цехтарында оны сатудың 150-ге жуық фактісі анықталды.
Полицейлер аудан әкімдіктерінің қызметкерлерімен бірлесіп, сауда нүктелерін тексеріп, насыбай сатушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартып жатыр.
Алматы ауданында полиция 51 деректі анықтады. Оның ішінде насыбай сатудың 40 фактісі тіркелді. Барлық факті бойынша Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 196-бабымен 25 АЕК (92 300 теңге, 1 АЕК – 3 692 теңге) әкімшілік айыппұл салынып, хаттама толтырылды.
Мекемелерде темекі өнімдерін (кальян) тұтынудың 11 фактісі анықталды. ӘҚБтК-нің 441-бабы бойынша 15 АЕК (55 380 теңге) әкімшілік айыппұл салынды.
Сондай-ақ Сарыарқа ауданындағы сауда орындарында жедел-алдын алу іс-шаралары жүргізілді. Нәтижесінде 50 заңбұзушылық анықталып, 30 келіге жуық насыбай тәркіленді.
Есіл ауданында шекпейтін темекі өнімдерін сатудың 11 фактісі анықталды. Оның ішінде насыбай сатудың 7 дерегі және кәмелетке толмағандарға вейптерді сатудың 4 фактісі тіркелді.
Полиция кәсіпкерлерге ӘҚБтК-нің 196-бабы мен 423-бабы 1-бөлігіне сәйкес, 25 АЕК (92 300 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салды.
Айта кетейік, бұған дейін қалада 4 тонна насыбай тәркіленді. Оның құны 20 млн теңгеден асады. Тәркіленген барлық өнім жойылды.