×

Су тасқыны қаупі бар аймақтардан 1 431 адам құтқарылды (ВИДЕО)

Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан мен Абай облыстарында табиғи апаттың қаупі әлі де бар

 Дастан Жұмабекұлы 28.03.2024 | 18:06
Фото: gov.kz/Төтенше жағдайлар министрлігі

Өткен тәулікте су тасқыны қаупі бар аймақтардан 1 431 адам, оның ішінде 312 бала құтқарылып, қауіпсіз жерге көшірілді. Жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдардың үйлесімді іс-қимылдарының арқасында адам өліміне жол берілмей, табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардан болатын залалды азайтуға мүмкіндік берді.

Су тасқыны кезеңінің басынан бастап 630 мыңнан астам текше метр еріген су сорылды. 24 мыңнан астам қап төселді.

Апаттық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК тікұшақтарын қоса алғанда, ТЖМ, ІІМ, ЖАО-дан 4 мыңға жуық адам мен 1 300 техника жұмылдырылды. Осы жұмыстар қауіп сейілгенге дейін жалғасатын болады.

Бүгінде елімізде ауа температурасының күрт көтерілуі, жауын-шашынға байланысты Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан және Абай облыстарын су басу қаупі сақталады.

Қазір 297 жеке тұрғын үй су астында қалып отыр. 100-ден астам жол төсемі арқылы су жүріп, 18 жол төсемін су шаю фактілері тіркелді. Оның ішінде екі көпір қирады.

Төтенше жағдайға тап болған халыққа заңнамаға сәйкес тиісті көмек көрсететін болады.

Су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама