Қазақстанға қай елдерден мигранттар көп келеді?
Биыл көші-қон заңын бұзған 1 мыңнан аса шетелдік елден шығарылды
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха елімізге қай елдерден мигранттар көп келетінін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бүгінде Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Қытай сынды елдерден Қазақстанға мигранттар көп келеді, - деді Игорь Лепеха Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Сондай-ақ ол заңсыз көші-қонға тоқталды.
«Биыл көші-қон заңын бұзғаны үшін 9800 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 мың адам елден шығарылды. Заңды бұзғандардың басым бөлігі – Өзбекстан азаматтары. Олар елде болу мерзімін бұзған», - деді министрдің орынбасары.
Игорь Лепеха Қазақстан аумағын өзбекстандықтар мен тәжікстандықтар транзит ретінде пайдаланатынын жеткізді.
Жыл басынан бері елімізге 1 млн 73 мың өзбекстандық келді. Оның 982 мыңы елден шығып кетті. 2023 жылдың қорытындысы бойынша олар көш басында тұр. Мысалы, (бір жылда) елімізге 5 млн 396 Өзбекстан азаматы келіп, 5 млн 373 өзбекстандық елден шыққан. Өзбекстанның 411 азаматы уақытша тіркеуге қойылды. Негізінен олар еліміз арқылы көрші мемлекеттерге барады.
Сонымен қатар, биыл Қазақстанға 218,5 мың тәжікстандық келді, оның 213 726-сы елден шығып кетті. Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін Тәжістанның 710 азаматы жауапқа тартылды, 195 адам елден шығарылды», - деді ол.