Ауданы 500 шаршы метр болатын объектілер террористік тұрғыдан осал нысандарға жатады
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Мәскеудегі терактіден соң Қазақстандағы сауда нысандары мен концерт залдары тексерілетінін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сенат кулуарында журналистер Ішкі істер министрінің орынбасарына «Мемлекет басшысы Мәскеудегі терактіге байланысты Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді. Құқық қорғау органдарына қандай тапсырма берілді? Осындай теракт кезінде азаматтар не істеуі керек? Кеңес бере аласыз ба?» деген сұрақ қойды.
Игорь Лепеха адам көп жиналатын орындарда қауіп болатынын жеткізді.
Бүгінде сауда үйлері, концерт залдары терроризм қаупі бар нысандарға жатады. Жалпы ауданы 500 шаршы метрден асатын объектілер террористік тұрғыдан осал нысандар категориясына жатады. Сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары бар. Жалпы мұндай жерлерде адам көп жиналады, - деді ол.
Министр орынбасарының айтуынша, ІІМ қазір аталған нысандарды тексеріп жатыр.
Бұрын ұйғарым болған объектілерді тексереміз, ал тексерілмеген нысандар болса, оларды тағы тексереміз. Қалған нысандардың иелерімен сөйлесіп, оларға кеңес береміз.
Биыл 1 қаңтардан бастап Қазақстанға келген шетелдіктер дактилоскопиядан өтуге міндетті. Жыл басынан бері елімізге келген 10 қылмыскер ұсталды. Олардың адам өліміне қатысы жоқ, - деді министрдің орынбасары.
Игорь Лепеха теракт болған жағдайда қазақстандықтар не істеу керегін айты.
«Мұндай жағдайда ақыл-кеңес беру қиын... Үрейленбеңіз, оқиға орнынан кетуге тырысыңыз. Мүмкіндік болса, жасырынып қалыңыз. Егер тиісті құзыретіңіз болмаса, батыр болуға тырыспаңыз.
Ол жақта болған жағдайды (Мәскеудегі терактіге қатысты) біз де бақылап отырмыз. Мысалы, мектепке тоқталайын. Біз Оқу-ағарту министрлігімен тиісті алгоритмді бекіттік. (Мұндай жағдайда) мұғалімдер сыныптың есігін бекітіп, сыртқа шықпауға тиіс және терезелерден алыс болғаны жөн. Бастысы үрейге бой алдырмаңыз және оқиға орнынан тез кетуге тырысыңыз (мүмкіндік болса)», - деді ол.
Еске салайық, биыл 22 наурызда кешке Мәскеу маңындағы «Крокус сити холл» концерт залында камуфляж киген бірнеше адам жұртқа оқ жаудырған. Салдарынан ғимаратта жарылыс болып, өрт шықты.
Ресей тергеу комитетінің мәліметінше, терактіден 139 адам қаза тапқан, 180 адам зардап шеккен.