Атыраулық әйел әпкесінің атынан онлайн несие ресімдеп, оның өзін пышақтап кеткен
Оқиға Құрманғазы ауданының Жалғызапан ауылында болған
Атырау облысында әйел әпкесінің атына жасырын түрде онлайн несие ресімдеп, артынша оны соққыға жыққан. Осыдан соң қаскөй өз-өзіне қол салған көрінеді.
Оқиға Құрманғазы ауданының Жалғызапан ауылында болған. Куәгерлердің айтуынша, әпкесінің атына онлайн несие алуға өтініш берген әйел оның үйіне кіріп, пышақтаған да кейін оқиға орнынан қашып кеткен. Жәбірленуші ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Полицейлер бірнеше күннен кейін күдіктінің денесін қараусыз қалған құдықтан тапты.
Бұл деректі Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растап, сіңлісінің қолынан зардап шеккен әйелдің полицияға арыз жазғанын хабарлады.
Жәбірленуші өзіне сіңлісінің шабуыл жасағанын айтты. Ол жасырын түрде оның атынан несие алып, кейін оның үйіне кіріп, ұрып-соғып, үйді өртеп жібермек болған. Оқиғаға байланысты «Қорқыту арқылы өзін-өзі өлтіруге итермелеу немесе өзін-өзі өлтіруге оқталу» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатыр, – деп мәлімдеді Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.