«Екі тонна үшін де, 15 келі үшін де айыппұл бірдей»: Астанада 10 тоннадан астам насыбай тәркіленді
Елордада 500-ден астам дүкен тексерілді
Астанада насыбай саудасына қатысты 500-ден астам дүкенге тексеріс жүргізіліп, 10 тоннадан астам өнім тәркіленді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Астана қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Абылайхан Мүжібаевтың айтуынша, қазір қалада кәсіпкерлерге насыбай сатпау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Атамекен» ҰКП Мемлекет басшысының насыбайға қатысты айтқан пікірін қолдайды. Қазір кәсіпкерлерге насыбайға тыйым салуды реттейтін нормаларды – шекпейтін темекі өнімдерін өндіру, әкелу мен сатуға қатысты қолданылатын заң талаптарын түсіндіріп жатырмыз. Бұл тыйым 2015 жылдан бері бар. Алайда кейбір көше саудагерлері шекпейтін темекі өнімдерін сатумен айналысады. Сондықтан біз бизнес қоғамдастыққа құқықтық мемлекет құрып жатқандықтан, бұл мәселе құқықтық нормалармен реттелуі керек екенін айтып жатырмыз. Дүкен, базар және т.б. саудагерлер бұл нормаларды орындауға тиіс», - деді ол.
Сондай-ақ ол палатаға насыбай саудасына қатысты шағым түспегенін айтты. Бұған қоса, өнімді сатқан саудагерлерге салынатын айыппұлды көтеруге қатысты пікір білдірді.
Меніңше қазір айыппұлды көтерудің қажеті жоқ. Алдымен қазіргі заңдарда көзделген айыппұлды орындатып алайық. Егер қажеттілік болса, ол талқылана жатар, - деді палата өкілі.
Заң және бизнесті қорғау қоғамдық ұйымының жетексіші Әмина Әбденова ауладағы (үйдегі) дүкендердің мүддесін қорғаумен айналысып жүр. Оның ойынша, тексеруді дүкендерден емес, өнімді өндіретін және бөлшек сауда нүктелерінен бастау керек.
«Насыбай, снюс сатуға тыйым салу дұрыс деп ойлаймын. Алайда оны тамырымен жою үшін тиісті жұмысты өндіріп, сатуға беріп отырған жерлерден бастау керек. Кішігірім дүкендер мен сауда нүктелері ол өнімді қайдан алып отыр? Базарда сатылуы тоқтаса, оны сатудың басқа жолдары табылатынына сенімдімін. Сол себепті мәселені шешудің басқа жолдарын табу керек. Тек дүкенге келіп тексере берген нәтиже бермейді. Әлбетте кәсіпкерге сауда керек болса, ол заң бұзуы мүмкін. Өкінішке қарай бізде ондай жосықсыз, тіпті сауатсыз, насыбайды сатуға тыйым салынғанын білмейтін кәсіпкерлер де кездеседі», - деді ұйым жетекшісі.
Сондай-ақ ұйым жетекшісі Әмина Әбденова айыппұл салмай тұрып, алдымен ескерту беру керек деп есептейді.
«Меніңше қазір айыппұл кәсіпкер үшін тым ауыр болады. Бірінші ескерту жасау керек деп ойлаймын. Ескерту жасаса, ол кәсіпкер қайта насыбайға жоламауы мүмкін. Бірден жазалай кету дұрыс емес. Дәл қазір айыппұлды көтерсе де, ол тиімді жұмыс істеп, күткен нәтижені бәрібір бермейді. Жазамен мәселе шешілмейді. Әлеуметтік желілерде насихатталып, учаскелік полицейлер жұмыс істеуі керек. Мысалы, ауылдан келіп, несие алып дүкен ашқандар бар. Сауда жүруі үшін насыбай сатады. Олардың көбі нені сатуға болады, нені болмайтынын білмейді. Сондықтан көтерме сауда нүктелерін анықтап, соларды тексеру қажет. Олар жойылса, дүкендерде де жойылады. Темекі қымбаттаған соң, халық насыбайға көшті. Кәсіпкерлерге қазіргідей қатаң бақылау мен рейдтер кішігірім дүкендердің жабылуына әкеледі. Пандемиядан кейін түрлі ауладағы дүкендердің шамамен 50 пайызы жабылып қалды», - деді кәсіпкер.
Астана қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметінше, 18 наурыздан бастап елордада 500-ден астам дүкен тексеріліп, 10 тоннадан астам насыбай анықталған.
«18-31 наурыз аралығында ІІМ тапсырмасына сәйкес, ҚР аумағында насыбай сататын нүктелерді анықтау мақсатында жедел алдын алу іс-шарасы басталды. Аталған акция барысында жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері насыбай сатудың 145 фактісін анықтады. Тек бір ғана насыбай өндірумен айналысқан заңсыз цехтен құны 10 млн теңгеден асатын 2 млн тоннадан астам өнім табылды», - деді жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Қанат Нысантаев.
Полиция өкілі насыбай өндірушілерге жаза күшейтілуі мүмкін екенін атап өтті.
«Әкімшілік кодекстің 196-бабына сәйкес, насыбайды өндірген, әкелген және сатқан тұлғаларға өнімнің көлеміне қарамастан 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Яғни өндірген де, сатқан да бірдей жазаланады. Өндірушілерге жазаны күшейту жоспарланып отыр. Себебі қолданыстағы заңда өнімнің көлеміне қатысты жаза жоқ. Мысалы, заңсыз цехтан 2 тонна өнім табылса да 25 АЕК айыппұл салынды. Тағы бір нүктеден 15 келі табылды, ол да дәл сондай мөлшерде төлейді», - деп қосты ол.
Еске сала кетейік, Қазақстанда насыбай сатқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда айтты.