Halyq Uni логотип
×

Су тасқыны: Арқалық қаласына қарасты ауылдарға көмек беріліп жатыр

Аяғы ауыр әйелдер мен медициналық есепте тұратын науқастар қауіпсіз жерге жеткізілді

 

 Дастан Жұмабекұлы 27.03.2024 | 13:05
Су тасқыны: Арқалық қаласына қарасты ауылдарға көмек беріліп жатыр
Фото: WhatsApp

Қостанай облысының Арқалық қаласына қарасты ауылдарды су тасқынынан аман алып қалу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға қатысты тағы бір мәлімет шықты.

Бұл мәліметті Арқалық қаласы әкімінің орынбасары Абзал Тәшімов берді. Ол Арқалық қаласына қарасты Екідің, Әбдіғаппар хан (Қараторғай) ауылдарымен байланыстыратын көтерме жолдың суағар құбырлары еріген қар суын өткізіп үлгере алмағандықтан, 25 наурыздан бастап аталған ауылдармен қарым-қатынастың уақытша үзілгенін, соның кесірінен Екідің ауылындағы 23 үйге су кіріп, 10 үйдің зардап шеккенін айтты.

Екідің ауылында 258 тұрғын бар. Ауылдағы 49 үйдің 23 -не су кіріп, 10 үйге залалын тигізді. Қауіпті жағдайда қалған екі қыстаудың тұрғындары қауіпсіз жерге шығарылды. Екідің мен Жұман қыстауының арасы – 11, Сауғабай қыстауының арасы – 13, Шотаяқ қыстауының арасы – 15 шақырым.

Әбдіғаппар хан ауылында 276 тұрғын бар. Екі үйдің тұрғындары қауіпсіз жерге шығарылды. Қайыңды ауылдық округі Қызылжұлдыз ауылының 185 тұрғынын қауіпсіз жерге шығаруға 3 автөкөлік жіберілді. Қайыңды ауылдық округіне қарасты 4 шаруа қожалығы орналасқан қыстауда 14 адам қауіпті жағдайда. Қайыңды мен Сәдман қыстауының арасы – 18 шақырым. Аталған екі ауылда да аяғы ауыр әйелдер мен медициналық есепте тұратын науқастарды қауіпсіз жерге шығару, ауыл тұрғындарын азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен қамту шаралары жүргізілді, – деді Арқалық қаласы әкімінің орынбасары.

Сонымен бірге Абзал Тәшімов 26 наурызда сағат 18:45 -те Арқалықтың Северный кенті, Пролетарская көшесі бойында жолдың үстімен өтіп кеткен қар суын тоқтату үшін жолдың жиегіне 4 «КамАЗ» көлігімен құм төселгенін атап өтті. Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органнан 3 су сорғыш мотопомпа, төтенше жағдайлар бөлімінен 2 су сорғыш мотопомпа және төтенше жағдайлар департаментінен жылжымалы су сорғыш станциясы жұмылдырылған. Судың бағытын өзгерту үшін 1 экскаватор мен 2 погрузчик техникасы жолдың бойынан арық қазды. Оған барлығы 50 адам, 13 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде жолдың үстінен су ағуы тоқтатылды.

Көктемгі қар суынан келетін қауіптің алдын алу жұмыстары жүргізілді. Қала мен оған қарасты кенттерден 69 200 текше метр қар сыртқа шығарылды. Арықтар, су өткізгіш құбырлар тазартылып, әлеуметтік желілер арқылы тұрғындарға аула ішіндегі қарды қақпасының сыртына шығаруы қажеттігі жөнінде хабарланды.

25-27 наурыз аралығында 109 және 7-14-74 телефон нөмірлері бойынша диспетчерлік қызметке үйіне, ауласына кірген суды сору, арық қазу сынды 250 өтініш, шағым түскен. Соның ішінде 70 қоңырау бойынша ақпарат расталып, 51 мекенжай бойынша үй ауласынан және үйлерінен су сору жұмыстары жүргізілді. Қазір қалған өтініштер бойынша тиісті жұмыстар жалғасып жатыр.

Арқалық қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Ардагерлерді ардақтайық», «Қарлы десант» жобалары аясында және тұрақты түрде жалғызбасты зейнеткерлерге көмек көрсетілді. Яғни, қаладағы 4 колледж бен Арқалық педагогикалық институтының студенттерінен құралған еріктілер 26 жалғызбасты қарияның үй ауласындағы қарларын қақпа сыртына шығарып, көктемгі қауіпсіздік шарасына қолғабыс жасады. Арқалық жылу энергетикалық компаниясы да погрузчик техникасын беріп, аталған қариялардың үйлерін қардан тазартып берді.

Түскен шағымдар бойынша Арқалық қалалық әкімдігі жанынан 4 мобильді топ құрылып, 8 мотопомпамен су сору жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жалпы қала бойынша жергілікті атқарушы органдардан 32 адам, 3 техника, 8 мотопомпа, №4 өрт сөндіру бөлімінен 15 адам, 1 техника, 5 мотопомпа, Арқалық қаласының жедел құтқару жасағынан 2 адам, 1 техника, 1 мотопомпа, Қостанай облысының төтенше жағдайлар департаменті жасағынан 50 адам, 3 техника және 1 тіркемелі мотопомпа қауіпсіздік жұмыстарына жұмылдырылды. Сонымен қатар, Арқалық қаласына Қарағанды қаласының әскери бөлімшесінен  50 адам 3 техника, Қостанай қалалық төтенше жағдайлар департаментінен  2 техника мен 5 адам жіберілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама