Алматыда алимент төлеуден жалтарған әке қылмыстық жауапкершілікке тартылды
Оған жылына 100 сағат мәжбүрлі еңбек түріндегі жазалау шарасы қолданылды
Алматыда алименттен жалтарған әке қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Атқарушылық іс жүргізуді қадағалау шеңберінде кәмелетке толмаған баланың құқығын қорғау мақсатында Наурызбай ауданының прокуратурасы ҚР ҚК-нің 139-бабы («Балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау») бойынша қылмыстық істі тіркеді.
Сот талқылауы барысында сотталушының кінәсі дәлелденді. Сонымен қатар борышкердің 3 айдан астам уақыт бойы алименттерді төлеу бойынша өз міндеттерін қасақана орындамағаны, төлемнен жалтарту мақсатында нақты табысын қасақана жасырғаны, осыған байланысты 2 миллион теңгеден астам берешектің пайда болғаны анықталды.
2024 жылы 11 наурызда Алматы қаласының кәмелетке толмағандар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен сотталушы ҚР ҚК-нің 139-бабында көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған қатысты 1 жыл бас бостандығын шектеу, бүкіл кезеңге пробациялық бақылау тағайындаумен жылына 100 сағат мәжбүрлі еңбек түріндегі жазалау шарасы қолданылды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.