Ол иісшіл иттер мен сканердің көмегімен қолға түсті
Өзбекстан азаматы шекарадан гашиш алып өтпек болған, деп хабарлайды Түркістан облысының мемлекеттік кірістер департаменті.
«30.05.2022 жылы сағат 08:30 шамасында «Жібек Жолы» кеден бекетінде тексеру барысында бекеттің лауазымды тұлғасы және экономикалық тергеу департаментінің кинолог маманы Өзбекстанның 1963 жылы туған Д. есімді азаматын құрықтады. Ол NUCTECH BX1000 сканерімен тексеріліп, іш киімінің ішінен жасыл түсті зат табылды», – дейді департамент.
Заң бұзушы Қазақстаннан Өзбекстанға өтпек болған. Айғақ ретінде шетелдіктен алынған күдікті зат әділет министрлігі сараптама орталығы сот сараптама институтының Сарыағаш бөлімшесіне жіберілді. 31.03.2022 жылғы сараптама нәтижесіне сәйкес, салмағы 56,9158 грамм «гашиш» есірткі заты анықталды. Аталған дерек бойынша Қазақстан қылмыстық кодексінің 286-шы бабымен қылмыстық іс қозғалды.