Halyq Uni логотип
×

Адалдық ұлттық идеологиямызға айналуы керек – Жанат Момынқұлов

Философия ғылымының кандидаты Жанат Момынқұлов Ұлттық құрылтайда айтылған «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» парадигмасын түсіндірді

 Халық үні 24.03.2024 | 16:03
Адалдық ұлттық идеологиямызға айналуы керек – Жанат Момынқұлов
фото: akorda.kz

Әлемдегі өзгерістер әсерімен сан құбылған жаңа сын-қатерлер қоғамымыздың күрделенуіне де ықпал етіп жатыр. Әсіресе, мемлекеттік саясаттың ұлт, тіл, дін, адам капиталы, жастар тәрбиесі, білім, мәдениет салалары ұлттық идеологияның ең өзекті бағытына айналып отыр.

Осы ретте, Ұлттық құрылтай жиындары елдің мәдени-гуманитарлық, идеологиялық бағдарын анықтайтын талқылау алаңына айналды. Құрылтайдың мақсаты – қоғамның жаңа мінез-құлық әдеттерін және заманға сай құндылықтарды қалыптастыру.

Атыраудағы Ұлттық құрылтайда «өткенді көп қазбалай бермей» басты назарды болашаққа, бар күшімізді бүгінгі істерге, дамуға жұмсау керектігі баса айтылды. Осыған орай «қазақты бөліп-жармай», «елдің береке-бірлігін сақтау» туралы салмақты ой айтылды. Бұған қоса қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мемлекеттік саясаттың басты бағыты екені де айтылды.

Сондай-ақ, дәстүрлі дініміздің маңызына тоқталып, жастарды дүмшеліктен сақтап, интеллектуал деңгейін көтеретін кітап оқу дағдыларын дамытуға ерекше мән берілді. Президент кейбір жаман әдеттерден арылуға шақырып, ең басты құндылықтар ретінде тәуелсіздік, әділдік, жауапкершілік, еңбекқорлықты атады. Яғни, жаңа заманғы қоғам білімді, жауапкершілікті сезінетін, көзі ашық, еркін азаматтарға бағдарлануы тиіс.

Әрине, мұндай мінез-құлық үлгілерін қоғамға күшпен таңып, тез уақытта сіңіру қиын. Сондықтан, Президент халыққа озық ойлы елге айналудың өте қарапайым формуласын – «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» парадигмасын ұсынды. Меніңше, ол «Адал» ұғымымен тазалықты, мемлекет пен халыққа адал болуды меңзеп отыр. Осы тұста «Адал» сөзі арапша «халал» – рұқсат етілген» сөзінен тарайтынын шығыстанушы ретінде айтқым келеді.

Мұндай терең қоғамдық өзгерістерді «жоғарыдан төмен» әдістерден бөлек, табиғи «төменнен жоғары» бағытта жүргізу аса маңызды. Яғни, иедологиялық-ақпараттық саясатты азаматтардың мәдени-құқықтық сауаттылығын, пікір алуандылығын, білім көкжиегін арттыруға жұмылдыру қажет деп ойлаймын.

Расында, Ұлттық құрылтай халық өміріне қатысты үлкенді-кішілі, өзекті бастамалар талқыға салынатын, қоғамдық құндылықтарды бірте-бірте жаңғыртуға арналған жаңа сападағы кеңесу алаңына айналып келеді.

Жанат Момынқұлов, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының бас ғылыми қызметкері, философия ғылымының кандидаты  

Серіктес жаңалықтары

Сараптама