Павлодарда балабақша директоры мен есепшісі 63 млн теңге жымқырғаны үшін сотталды
Сот есепшінің 5 жасар қызы бар екенін ескерді
Павлодардың 62 жастағы тұрғыны балабақша директоры лауазымында жұмыс істеп, қарамағындағы есепшімен сөз байласып, аса ірі мөлшерде жымқыру жолымен өзіне сеніп тапсырылған мүлікті ұрлап кеткен, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сотта анықталғандай, директор мен есепші 7 жыл ішінде бірнеше штаттық бірліктерді құрып, бекітілген қызметкерлердің санынан тыс қосымша төлемдерді заңсыз есептеген. Сонымен қатар, міндетті зейнетақы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аударымдарын да жасаған.
Осылайша, әйелдер мемлекетке жалпы көлемі 63 миллион теңгеге жуық материалдық шығын келтірді. Сот оларды қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп тауып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Бұрын директор қызметін атқарған сотталушы Абай облысы №23 мекемесінің карантиндік бөлімшесінде болады. Ол жасаған ісіне өкініп, мемлекет алдындағы қарызының бір бөлігін төлеп үлгерді. Ол жақындарына жалақысынан көмектесу және талап-арыздарын төлеу үшін жұмысқа орналасқысы келетінін жеткізген.
Есепшіге қатысты сот сотталушының 5 жасар қызы бар екенін ескеріп, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кейінге қалдырды, – деді мекеме бастығының орынбасары Анар Сабиева.