Балалар дәрігер тексерісінен өтіп, ата-аналарына табысталды
Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданына қарасты Малоубинка ауылында мас болып қалған екі мұғалім оқушыларға әлімжеттік жасаған.
Сол сәтте оқушылар арасындағы 5 күндік далалық әскери оқу-жаттығу өткен. Мамырдың 27-31-і аралығында болған шараға ауданның барлық мектептеріндегі 5-10-сыныптың 137 оқушысы, алғашқы әскери дайындық пәнінің 23 мұғалімі шақырылған. Оның ішінде Винное және Бобровка орта мектептері дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері 11 баладан құрылған топқа жетекшілік етіпті.
30-ынан 31-іне қараған түнде ішімдік ішкен қос ұстаз балаларға әлімжеттік көрсеткен. Оқушылардың бірі бұл туралы қарауыл басшысына хабарлады, - делінген ШҚО Білім басқармасы баспасөз қызметінің хабарламасында.
Балалар дәрігер тексерісінен өтіп, ата-аналарына табысталды. Денсаулықтарына зақым келмеген.
«Осы фактіге байланысты облыстық білім басқармасы, аудандық білім бөлімі, құқық қорғау органдарының қызметкерлері тарапынан арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстары басталды. Өрескел заңбұзушылыққа жол берген екі азамат аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ өз міндеттерін қажетті деңгейде атқарып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегендері үшін барлық алғашқы әскери даярлық пәнінің мұғалімдеріне тәртіптік шара қолданылатын болды.