Қазір шығын көлемі анықталып жатыр
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Ұлытау облысындағы жүздеген бас жылқының қырылуына кімдер жауапты екенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Биыл 1 наурызда Ұлытау облысына бардық. Онда вице-министр, Ұлытау облысы ауыл шаруашылығы және ветеринарлық инспекция басқармасы басшысы жұмыстың қорытындысын шығарып жатыр. Ауа райының қолайсыздығына байланысты жылқылар қырылған. Күзде барлық өңір мал азығын 100 пайызға дайындадық деп есеп берген. Бұл мәселеге өңірдегі аудан әкімі мен ауылдық округтің әкімі жауап береді. Сондай-ақ Ұлытау облысына 1 млрд 400 млн теңге көлемінде жем-шөпке субсидия бөлінген. Бұл қаржы мал азығын дайындауға жұмсалды», - деді Айдарбек Сапаров Үкіметтің баспасөз орталығында.
Министрдің айтуынша, Ұлытау облысында 360 бас жылқы қырылған.
«Олар есепте тұр. Ұлытау облысында жұмыс жүргізіліп жатыр. Вице-министр сол жақта жүр. Ол нақты санын (қырылған мал басын) анықтап жатыр. Мұнда жауапкершілік тек әкімдікте емес, малдың иесінде де болуға тиіс. Біріншіден, оларды мал бағуға, мал азығын дайындауға жауап беруі керек. Егер мал азығын дайындауда проблема болса, аудан әкімдігіне, ауыл әкімдігіне баруы керек еді. Олар шешім қабылдауы керек болған. Барлығы мал азығын 100 пайызға дайындадық деп есеп берген. Облыста осы мәселе шешілмесе, көрші өңірден (жем-шөпті) жеткізуші едік», - деді ол.
Айдарбек Сапаров әзірге қырылған жылқылардың иесі табылмай жатқанынын жеткізді.
Бүгінде 360 бас жылқының қырылғанын анықтадық. Біз осы жылқылардың иесін таба алмай жатырмыз. Бізде малдың біріздендіру базасы бар. Онда осы жылқылар тіркелмеген. Демек, жылқы өзі жайылған, оған ешкім қарамаған. Бірақ жылқышылар болуға тиіс қой. Олар малды қарап, бағуы керек. Әр жылқы үшін ақша төлеуі керек. Сондықтан мұнда малдың иесіне сұрақтар бар, - деді министр.
Ол Ұлытау облысында болған жағдай жылқы етінің бағасына әсер етпейтінін жеткізді.
Жылқы еті қымбаттамайды. Себебі, жылқы шаруашылығы жақсы дамып жатыр. Елімізде 4 млн бас жылқы бар. Сондықтан болған жағдайға байланысты жылқы еті қымбаттамайды, - деді Айдарбек Сапаров.