Олардың не үшін жазаланғаны белгілі болды
Теміржолда қауіпті жағдай туғызған бірқатар қызметкер жауапқа тартылды, деп хабарлайды «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ.
«ҚТЖ-да пойыздың бағдаршамның тыйым салатын белгісінен өтіп кетуі салдарынан «Қызылорда-Павлодар» қатынасындағы жолаушылар құрамының бір вагонының жолдан шығуы бойынша тексеру жүргізілді. Оқиға осы жылғы сәуірде «Сексеуіл-Қоскөл» жол учаскесінің Абай станциясында болған еді. Тексеру барысында локомотив бригадасының еңбек міндеттерін тиісінше орындамағаны, теміржолдарды техникалық пайдалану ережелері және теміржол көлігінің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ететін нұсқаулықтар талаптарының сақталмағаны анықталды», – дейді ведомство.
Тәртіпті бұзу 300-ден астам жолаушының өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ пойыздар қозғалысы қауіпсіздігіне, тасымалданатын жүктердің, багаждың сақталуына қатер төндірді.
«Аталған жағдай бойынша 8 қызметкер мен 5 басшы, оның ішінде «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС басшылығы тәртіптік жауапқа тартылды. «Сексеуіл» локомотив пайдалану депосының локомотив бригадасымен (машинист және машинист көмекшісі) еңбек шарттары бұзылды. Сонымен қатар сотқа дейінгі тергеу органы жоғарыда аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғады», – делінген ақпаратта.