Маңғыстау облысында жоғалған үш баланы 500-ден аса адам іздестірді
Олар далаға ойнауға шығып, үйге оралмаған
Маңғыстау облысында жоғалған үш баланы 500-ден аса адам іздестірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне бүгін түнгі сағат 01:50-де Түпқараған ауданы №4 ӨСБ диспетчерінен кеше сағат 20:30 шамасында Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласы Мыңбаев көшесі 67/2 үйде тұратын кәмелетке толмаған үш баланың есік алдына ойнауға шығып, үйге қайтып оралмағандығы туралы ақпарат келіп түскен. Олар 2012 жылы, 2014 жылы және 2018 жылы туған. Іздестіру жұмыстары Форт-Шевченко қаласы Баутино ауылы мен Аташ кенті бағыты бойынша жүргізілді.
Жоғалған балалар бүгін сағат 03:40-та көрші үйдің сарайында (времянка) ұйықтап жатқан жерінен аман есен табылды. Көрші үйдің иелері ол уақытта үйде болмаған. Жағдайлары жақсы, жедел-жәрдем көмегіне жүгінбейді.
Іздестіру жұмыстарына ТЖД жеке құрамынан 6 адам, 2 техника, ЖАО 80 адам, техника, Полиция департаменті жеке құрамынан 40 адам, 6 техника,ҰҚК Шекара қызметі жеке құрамынан 10 адам, 1 «Атырау» кемесі, 1 кинологиялық есептік топ, веріктілер мен ауыл тұрғындарынан 500 адам жұмылдырылды.