×

Ақмола облысында биыл 43 мың ауыл тұрғыны медициналық көмекпен қамтылады

Биыл өңірде 38 медициналық нысан салу жоспарланған

 Динара Амантай 24.03.2024 | 10:01
Фото: ДСМ баспасөз қызметі

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Ақмола облысындағы ауылдық медициналық нысандар құрылысының барысымен танысты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сапар барысында ведомство басшысы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының шеңберінде салынып жатқан бірнеше ауылдық медициналық нысандарды тексерді.

Өңірде бағдарлама бойынша биыл барлығы 38 медициналық нысан, оның ішінде 3 медициналық пункт, 21 фельдшерлік-акушерлік пункт, 14 дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған. Аталған медициналық ұйымдар 43 мың ауыл тұрғынын медициналық көмекпен қамтамасыз ететін болады.

Ауылдардағы медицина қызметкерлерімен кездесулер барысында медициналық көмектің сапасы және өзін-өзі жұмыспен қамтыған, маусымдық қызметкерлерді МӘМС-пен қамту мәселелері талқыланды. Бұдан әрі ауылдағы жас мамандарды әлеуметтік қолдау шаралары, жалақыны көтеру және тұрғын үй жағдайларын жасау туралы сөз болды.

Министр Қараменді батыр, Төңкеріс, Ынтымақ ауылдарында ФАП құрылысын қарап, Арайлы, Нұресіл ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар тұрғызылған жерде болды.

Ауылдық денсаулық сақтау нысандарын аралау қорытындысы бойынша осы жылдың соңына дейін жоспарланған нысандарды тапсыру және ауыл тұрғындарына медициналық көмек алу үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету қажеттігі туралы айтылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама