Бір тұрғын үйдің құлау қаупі бар
Алматы облысында таудың баурайынан сырғыған топырақ жеке үйлердің ауласын басып қалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бүгін Алматы облысы ТЖД-ның мәліметінше, Талғар ауданының Бесағаш ауылында «Бурабай» коттедж қалашығында ауа райының тұрақсыздығына байланысты, 21-23 наурыз аралығында жауған жауын-шашынның салдарынан топырақ батпақтанған. Осының салдарынан таудың баурайынан екі жеке тұрғын үйдің ауласын топырақ басып қалған. Алдын ала болжам бойынша, түскен топырақтың көлемі – 500 текше метр.
Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.
Сағат 06:00-дегі жағдай бойынша, Алтай көшесі бойындағы баурайдың жоғарғы бөлігінде орналасқан тұрғын үйдің құлау қаупі бар. Осы және жақын маңдағы үйлердің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді, – делінген ТЖД хабарламасында.
Оқиға орнында ТЖД жеке құрамынан, «Қазселденқорғау», ЖАО-дан 18 адам және 6 техника жұмылдырылды.