Ол үшін бірінші кітаптардың нұсқасын шығара бастадым, - дейді
Әзірге екі мақсатым бар. Біріншісі – Қазақстанда туризмді дамыту. Екіншісі – ұлттық мектеп ашу. Бүркітші қыз Айшолпан осылай дейді. Өзінің атажұртындағы өмірі туралы ол Ұлттық спорт қауымдастығының Youtube арнасына берген сұхбатында айтып берді.
Әлемге «Бүркітші қыз Айшолпан» деп танылған қазақ қызы отбасымен атажұрты – Қазақстанда тұрып жатыр. Ол қазір қазақ тілі пәні мұғалімі мамандығында оқып жүрсе де саятшылықты тастамаған. Алайда дәл қазір қолында қыраны жоқ, бұйырса алдағы уақыттың еншісінде екенін жеткізді.
Айшолпан туралы фильм әлемнің 33 елінде көрсетіліп, Қазақстанда көрсетілген жоқ. Сол туындының арқасында ол 30-дан астам елді аралаған және туристер легі Моңғолияға Айшолпанды іздеп, үздіксіз ағылады екен. Енді сол үрдісті Қазақстанға алып келсем дейді.
Алла қаласа, туризм саласын дамытқымыз келіп жатыр. Себебі Моңғолияда туризм саласы өте жақсы дамыған. Мен әлемге танылғаннан 2 жылдан кейін Моңғолияға 80 пайыз турист тек мені іздеп келетін. Енді Қазақстанға көшіп кеткенімді білсе, осында келеді деп ойлаймын. Ішкі-сыртқы туризмді дамыту керек. Өйткені бізде қанша мүмкіндік бар. Қолда барда алтынның қадірін білу керек. Көп қазақстандықтар шетелге кетіп жатыр, ішкі туризмді сол үшін қарыштату қажет. Соңғы кезде қазақтың ұлттық киімін кию, тақиялар кию тренд болып жатыр, ризамын, - дейді бүркітші қыз.
Сондай-ақ туризмді дамытудан бөлек, өзінің білерін қазақ қыздарына үйретсем деген ойы бар. Сол үшін Қазақстанда мектеп ашуды бастағалы жатқанын да жасырмады.
Ендігі мақсатым – ұлттық мектеп ашу. Қазір Айзере деген бүркітші қызымыз бар. Егер мектеп ашсам, көптеген шәкіртім болады деген үміттемін. Ол үшін бірінші кітаптардың нұсқасын шығара бастадым. Әліппесінен басталады. Бүркітшілікке арналған деген сияқты. Содан ары қарай тарқатып, дамытамыз, - деді Айшолпан.
Сұхбаттың толық нұсқасы жоғарыдағы видеода.