22 наурыз – Жыл басы: қазақстандықтар Ұлыстың ұлы күнін тойлап жатыр

Айгерім Таубай

Биылдан бастап Наурыз мейрамы ерекше форматта тойланады 

Фото: Ақорда

2024 жылы Наурыз ерекше форматта тойланып жатыр. Он күнге негізделген Наурызнама бекітілді, соған сәйкес 22 наурыз – Жыл басы. Мейрамға байланысты Halyq Uni Наурыз тойы туралы қызық деректер ұсынады.

Наурызда күн мен түн теңеледі, яғни жыл басы ретінде тойланады. Этнограф, тарихшы, философ Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Қазақта Наурыз деген кісі аты болған. Қыз-келіншектер оның атын атай алмай «Ұлы күн» деп Ұлыстың ұлы күні деп кеткен. Ұлыс – Түркінің ата-бабаларынан қалған ескі тіл. Қазақта оны Ұлыстың ұлы күні – Наурыз дейді» деп жазған.

Уақыт өте Наурыз мұсылман түркі елдерінің төл мерекесіне айналды. Бұл мейрамды қазақ халқы байырғы заманнан бері Ұлыстың ұлы күні деп атаған.

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен байланысты негізгі ұғымның бірі. Ұлыстың ұлы күні деген сөз орамдағы Ұлы күн, жылдың бас күні дегенді білдіреді. Ең абзал, ең мәртебелі болып саналғандықтан қазақ оны Ұлы күн деп атаған.

Күн мен түннің теңелуі – Наурыз мейрамындағы негізгі ұғым. Ұзарған күннің көзі, түн қараңғысының қысқарып, орнын жарыққа беруі, жер бетінің жылып, көктің қаулап шығуы жасарудың, жаңғырудың белгісіндей көрінеді. Жер мұздың, қардың құрсауынан арылып, бусанады. Жер дүниені елжірететін де, бусандыратын да тіке түскен күн сәулесі. Күннің қызуы өтіп бара жатқан шақта көк жүзін сары бауыр, қара барқын бұлт басып, найзағай ойнап, күн күркіреп, жаңбыр төгеді. Сусаған, кеберсіген жер дүние шөлін басып, жер беті одан сайын түрлене түседі.

Наурыздың түп негізі әуелде табиғатпен тығыз байланыс болып саналды, яғни күн мен түннің теңелуі табиғи белгі ретінде алынды.

Наурызда ақсақалдар бата беріп, ізгі тілектерін айтады. Наурыз батасының мазмұны Ұлыстың ұлы күнімен байланысты болады. Ұлыстың күні ұлы кісіден бата алса, ол жыл олжалы жыл болар деп ырымдап, жасы кіші жасы үлкеннен бата тілейді:

Ұлыс оң болсын!

Ақ мол болсын!

Бәле-жала жерге енсін!

Күніміз ұлысты болсын!

Жеріміз ырысты болсын!

ҰЛЫС ДЕГЕН НЕ?

Ұлыс – мекен, аймақ, әкімшілік мағынасын беретін көне түркі сөзі. Түркі-моңғол халықтарында ұлыс бірнеше мағынада айтылады. Алтыншы ғасырда ұлыс мекен, қала мағынасында қолданылды. Мысалы, көне түркі қолжазбаларында «халықтан халыққа, ұлыстан ұлысқа, елден елге жүрдім» деген сөз бар. 13-ғасырда Шыңғыс хан әрбір ұлына иелік бөліп бергенде, олар ұлыстар деп аталды. 16-19 ғасырларда Сібірді мекендеген бурядтар мен қалмақтарда рулық бірлестіктегі әкімші «ұлыс» деп аталған. Бұл халықтардың көшпелі тіршілігінде ұлыстар арасында жер бөлінісі болған. Әрбір ұлыс орда саналып, оны ноян биледі. Бұларды старшындар басқарды. Ал бірнеше ұлыстың нояны тайшыға бағынды.

Орталық Азия халықтарында ұлыс негізінен аймақ мағынасында қолданылады. Мысалы, ноғай ұлысы, он сан ноғай ұлысы. «Ұлыстың ұлы күні» дегенде ұлыс «аймақтың, елдің» деген мағына берген, яғни сол елге тиесілі ең қасиетті мейрамды білдіреді, – делінген 2007 жылы шыққан «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия» кітабында.

НАУРЫЗНАМА КЕСТЕСІ

14 наурыз – Көрісу күні – Амал мерекесі тойланады. Негізінде еліміздің батыс өңірлерінде сақталған мереке енді барлық аймақтарда тойланады.

15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күн қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арналады.

16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналады.

17 наурыз – Шаңырақ күні. Осы күні отбасылық құндылықтарымызды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.

18 наурыз – Ұлттық киім күні. Наурызнаманың онкүндігінде еліміздің барлық өңірінде ұлттық киімдерімізді насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіледі.

19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылды.

20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні елдің барлық аймағында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады.

21 наурыз – Ынтымақ күні. Бұл күннің идеясы – жалпы халық бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау.

22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылады.

23 наурыз – Тазалық күні. Оныншы күн ұлттық экологиялық науқанға арналған. «Тазару» күні – мемлекеттің экологиялық түйткілдерді шешуге бағытталған іс-шараларына азаматтарды қолдау білдіруі.

ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВТІҢ БАСТАМАСЫ

Жазушы Әлібек Асқаровтың сөзінше, Наурыз мерекесі жайлы қоғамдық бастамаларға Өзбекәлі Жәнібековтің өзі түрткі болған.

«Наурызды тойлау 1989 жылы басталды. Шынын айтқан кезде, елжанды азамат Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасымен. Ол кездегі жастар Наурыз тойы дегенді білмейтінбіз. «Лениншіл жас» газетінде суретші болып жүргенімде 22 наурыз күнгі санын Көктем мерекесі деп шығаратынбыз. Наурыз деген де сөз жоқ, март дейміз. Бастаманың бәрін жасайтын «Лениншіл жас» газетінің редакторы Сейдахмет Бердіқұлов деген ағамыз. Комунистік қоғам, совет заманы наурызды ататпаса да, Сейдахмет ағамыз білдірмей газет шығарып жүрді. Ол кезде ұлттардың бір-бірінен айырмашылығын жою, совет адамы деген саясат жүретін. Дінге байланысты мейрамдардың барлығына тыйым салатын. Ал Наурыз мейрамы – дін келмей тұрғаннан бергі тойланып келе жатқан адамзаттың, табиғаттың жаңаруы. Осылайша Өзбекәлі Жәнібеков Қазақстан компартиясы орталық комитеттің хатшысы болып келгеннен кейін, алғаш рет Алматыда тойладық. Мен «Өнер» баспасында бас редактормын. Әрбір баспа, әрбір мекеме көшеге киіз үй тігіп тастады. Көшеде кетіп бара жатқандардың барлығын шақырып, дәм таттырды. Сол шақтарда Наурыздың қайта оралуы шынайы жалпыхалықтық қуанышқа айналды», - дейді жазушы.

ПРЕЗИДЕНТ ҚҰТТЫҚТАУЫ

21 наурызда Алматыға жұмыс сапарымен барған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамына арналған мерекелік шараға қатысты. Сол жерде жаңа жылда қолға алынатын төрт жоба туралы айтты.

Биыл көптеген жылу орталығы және инженерлік желілер жаңғыртылады. Республика бойынша 12 мың шақырым жол салынады. Сонымен қатар 300 мың адам табиғи газдың игілігін көре бастайды. Ал ауыл мен аудан тұрғындары үшін жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспайды. Бұдан бөлек, жалға берілетін баспана саны бірнеше есе көбейеді.

Мұның бәрі халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етері сөзсіз. Елге, халыққа арналған осындай игі шаралар міндетті түрде жалғасын табады, - деді Тоқаев.

Президент жаңару мен жаңғырудың символына айналған Наурыз мейрамы биыл қоғам дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанымызды білдіретінін ерекше атап өтті. Негізгі мақсат – Әділетті Қазақстанды құру.

Біз адал еңбек етіп, адал табысқа жете алатын әділ қоғам орнатуымыз керек. Мұндай қоғамды адал азаматтар қалыптастырады. Бір сөзбен айтсақ, әділдік пен адалдық – әрдайым қатар жүретін егіз ұғым. Сондықтан біз құрып жатқан қоғамда баршаға бірдей мүмкіндік беріледі, - деп атап өтті мемлекет басшысы.

Осы орайда ол озық мемлекет болу үшін тек жарқын болашаққа сеніммен қарау қажеттігін де жеткізді.