×

Бүгіннен бастап Қазақстан кинотеатрларында шынайы оқиғаға негізделген фильм көрсетіледі

«Жизнь после» фильмінде басты рөлді Рүстем Жаныаманов пен Жанель Мақажанова сомдайды

 Еркеғали Болатұлы 21.03.2024 | 13:55
фото: Halyq Uni

Бүгін Астанада «Жизнь после» фильмі көрсетілді. Болған оқиға ізімен түсірілген бұл туындының продюсері – «Қанаттылар» инклюзивті театрының жетекшісі Арнұр Ысқақов пен оның жары Лаура Ысқақова.

Фильмде қазақ азаматы мен оның әйелі кейіптеліп, солар бастан өткерген оқиғалар мен қиындықтар көрсетілген. Алайда Арнұр Ысқақов бұл фильмнің трагедиялық емес, ішінде комедия элементтері де бар екенін баса айтты. Ал басты тақырып – оның өзі мен әйелінің махаббаты.

Біз өз миссиямызды орындадық деп ойлаймын. Ерекше адамдар мұндай фильмді жақсы жағынан түсіре алады деген сенім болды. Ал біз инклюзияны қоғаммен бірге жасаймыз, - деді ол.

Арнұрдың жары Лаураның рөлін Жанель Мақажан сомдады. Ол осы образдың өзіне қатты әсер еткенін жеткізді.

Олар сценарийді бергенде, менің сондай мейірімді, ашық-жарқын бейнені суреттелгендей көрсетуге тырысуым керектігі айтылды. Мүмкіндігінше қолымнан келгенін жасадым. Шын мәнінде фильмнің өзі өте мотивация берерліктей болып шықты. Бізде комедия көп, бірақ мұндай жүрекке жылы тиетіндері аз. Бұл әлі бастамасы деп ойлаймын, – дейді актриса.

Сондай-ақ фильмнің алғашқы көрермендері де өз әсерін бөлісті.

Фильм маған қатты ұнады. Көп жерінде жыладым. Оқиға өмірден алынған және өте шынайы да әсерлі. Күлкілі сәттері де көп болды, режиссер бұл тұрғыда жақсы жұмыс істей білген. Баршаға бұл фильмді көруге кеңес беремін, - деді көрермен бойжеткен.

Сонымен, шынайы оқиғаға негізделген «Жизнь после» фильмі, міне, 21 наурыздан бастап еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіле бастады. Еске сала кетсек, бұған дейін осы фильмді түсіру идеясы, түсірілім тобын жинау, басты рөлдерге лайық актерлерді таңдау, қаламақы және жалпы фильм бюджеті туралы подкаст жазған болатынбыз. Сондай-ақ продюсер Арнұр Ысқақ Halyq Uni тілшісіне фильмнің негізгі ерекшелігі мен идеясы туралы сұхбат берген-ді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама