Ол ұрлаған заттарын сатып, түскен ақшаны ойынға жұмсаған
Павлодарда бес млн теңгенің алтын бұйымдарын ұрлап кеткен күдікті анықталды, – деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, бөлімшеге ұрлық фактісі бойынша павлодарлық жеке кәсіпкерліктің директоры шағым түсірген. Анықталғандай, бұрын сотты болған 27 жастағы Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны 18 мамырда Павлодар қаласының М. Жүсіп көшесіндегі дүкендердің бірінде сөреден жалпы сомасы 5 миллион теңге болатын 61 дана алтын бұйым салынған екі қорапты ұрлаған.
Арнайы іс-шараларды өткізу барысында күдікті ұрлық жасағаннан кейін Семей қаласына кеткені және оны Павлодарлық жедел уәкілдер ұстағаны анықталды. Күдікті алтын бұйымдарды сатқан, ал түскен қаражатты букмекерлік кеңселердің бірінде онлайн ойынға жұмсаған, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ер адамнан алтын сақина мен 350 мың 500 теңге көлемінде ақша тәркіленіп, аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Ер адамды қамауға алды.