Halyq Uni логотип
×

Шетелдегі қазақстандықтардың бәрі бірдей қиналып жүрген жоқ – СІМ

Бүгінде шамамен 200 мың жерлесіміз сыртта еңбек етіп жүр

 Дәурен Ерболат 20.03.2024 | 16:32
Шетелдегі қазақстандықтардың бәрі бірдей қиналып жүрген жоқ – СІМ
фото: Halyq Uni

Шетелде жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың бәрі қиналып жүрген жоқ. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында ресми өкілге «Атырауда өткен Құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелде 200 мыңға жуық қазақстандықтың заңды түрде жұмыс істеп жүргенін айтты. Бұл қандай елдер? Сіздерде тізім бар ма?» деген сұрақ қойылды. Айбек Смадияров әрбір қазақстандық шетелде жұмыс істей алатынын жеткізді. Тек заңға бағынуға тиіс.

Қазақстан Конституциясы бойынша әр адам қайда барғысы келеді, қайда тұрғысы келеді, оны өзі біледі. Себебі оның заңды түрде бұған құқығы бар. Сондықтан шетелде жұмыс істе-істеме деп ешкім айта алмайды. Бұл – әр адамның өз еркі. Бізде тек заңсыз жұмыс істеп жүргендерді көріп, олардың жағымсыз оқиғаларын естіп, шетте жүргеннің бәрі қиналып жүр деген пікір қалыптасқан. Бұл дұрыс емес, - деді ол.

Ресми өкіл бүгінде білікті қазақстандықтар шетелде заңды түрде жұмыс істеп, лайықты жалақы алып жүргенін айтты. 

Шетелде Қазақстанның қаншама азаматы жақсы жұмыс істеп жатыр. Олардың жалақысы жақсы, тәжірибесі мол, интеллектуалдық қабілеті жоғары. Мысалы, Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген 8-9 мың адам болса, заңды түрде (жұмыс істеп) жүргендер 20 мың адамнан асып түседі. Олардың бәрі жұмыс істеп жүр: пластикалық хирургтан бастап, шаштаразға дейін. Одан ұялудың қажеті жоқ. Оған қайта мақтануымыз керек. Біздің білімді азаматтарымыз шетелде өз орнын таба алады, - деді Айбек Смадияров.

Еске сала кетсек, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелде 200 мыңға жуық қазақстандықтың жұмыс істеп жүргенін айтқан еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама