Қарулы күштерді жаңғырту: суасты аппараты мен танк техникалары жөнделді

Ая Өміртай

Жоба аса маңызды тапсырмаларды шешуге бағытталған

көрнекі фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрлігі Қазақстан Республикасының 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының индикаторларына қол жеткізуге бағытталған «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы аясында атқарылған жұмыстар ретіy Halyq Uni сайтының ресми сауалына жауап берді. «Қарулы Күштерді жаңғырту» жобасының шеңберінде әскери объектілердің күрделі құрылысы, жөндеуі мен инфрақұрылымын жаңғырту және әскери басқару жүйесін цифрландыру жүргізіліп жатыр.

ҰЛТТЫҚ ЖОБАНЫҢ БАҒЫТЫ

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі берген ресми жауабында «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасының негізгі мақсаты және 4 жылдың ішінде қандай жобалар іске асырылып жатқанын атап көрсеткен.

Ресми жауапта «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасының (бұдан әрі – ұлттық жоба) іс-шаралары Жалпыұлттық басымдықтарға және елімізді дамытудың ұлттық жоспарының стратегиялық көрсеткіштеріне, Ұлттық қауіпсіздік стратегиясына және Мемлекет басшысы айқындаған басқа да міндеттерге қол жеткізу үшін аса маңызды тапсырмаларды белігенген мерзімде шешуге бағытталғандығын атаған.

Ұлттық жобаның тапсырмалары мынадай қажеттіктерге негізделеді:

  • мемлекеттік органдар үшін неғұрлым маңызды стратегиялық нысандарды анықтау;
  • мақсаттарға қол жеткізу үшін бөлінген ресурстарды тиімді жоспарлау;
  • жобаны бірлесіп орындаушылармен өзара іс-қимылды ұйымдастыру;
  • нәтижелерге қол жеткізуге уақытында бақылауды жүзеге асыру;
  • теріс беталыстарды анықтау және оларды жою үшін уақытында шешім қабылдау;
  • нәтижелерге қол жеткізуге жауапкершілікті арттыру.

«Ұлттық жобаның негізгі мақсаты ҚР ҚК, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жауынгерлік әлеуетін ұлғайту, өмір сапасын және халықтың қауіпсіздігін жақсарту болып табылды. Ұлттық жобада мынадай негізгі бағыттар көзделді: Қарулы Күштерді жаңғырту, азаматтық қорғаныс мемлекеттік жүйесін дамыту, Шекара қызметі әскери қызметшілерінің қызмет өткеру сапасын, ішкі істер органдарының жүйесін және экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жүйесін арттыру. Ұлттық жобаны іске асыру республикалық және жергілікті бюджеттен қаражаттың бөлінуі, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларының  есебінен жүзеге асырылады», - делінген ресми жауапта.

2021 жылғы 13 қазанда ҚР Президенті Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы жарлыққа қол қойды. Соның ішінде «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы Қазақстан Республикасының 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының индикаторларына қол жеткізуге бағытталған.

ҚР Қорғаныс министрлігі ұлттық жобада Қарулы Күштерді, ішкі істер органдарын, мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесін дамытудың бірнеше бағыты, Шекара қызметінің әскери қызметшілерінің қызмет ету жағдайлары қамтылғанын хабарлады.

Айта кетелік, 2022 жылы Мемлекет басшысы Қазақстан армиясының техникалық және жауынгерлік жабдықтарын жаңарту міндетін жүктеген болатын.

«Әскердегі қару-жарақтың дені – 30-50 жыл болған кеңес дәуіріндегі техника. Ескірген техникалардың мерзімінің өткеніне байланысты қару-жарақ паркін жаңарту үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет. Қарулы Күштер заманауи әрі жоғары технологиялық қару-жарақпен, әскери техникамен жабдықталуы тиіс. Қабылданатын шаралар жүйелі болуы керек. Қару-жарақ пен әскери техниканы жөндейтін, оларға қызмет көрсететін отандық өндірісті дамыту қажет», - деген Жоғарғы Бас қолбасшы, ҚР Президенті.

ҚАНДАЙ ЖОБАЛАР ІСКЕ АСТЫ

Қорғаныс министрлігі берген ақпаратқа сүйенсек, «Қарулы Күштерді жаңғырту» жобасының шеңберінде әскери объектілердің күрделі құрылысы, жөндеуі мен инфрақұрылымын жаңғырту және әскери басқару жүйесін цифрландыру жүргізіліп жатыр.

Отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенінің кәсіпорындарында дәлдігі жоғары және алыстан оқ атып зақымдаудың қазіргі заманғы құралдарын, Әскери-теңіз күштері үшін қару-жарақтың жаңа үлгілерін жасау бойынша тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізіліп жатыр, - делінген ақпаратта.

Қарулы Күштер үшін қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің кәсіпорындары мына жобаларлы жүзеге асырып жатыр:

Әскери-теңіз күштерінің мүддесі үшін «Зенит «Орал зауыты» АҚ базасында көмекші көпфункционалды кеменің тәжірибелік үлгісін жасау бойынша тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізілуде, «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ базасында 4 суасты аппаратына жөндеу жүргізілуде;

Құрлық әскерлерінің мүддесі үшін «Семей Инжиниринг» АҚ базасында 49 бірлік бронды танк техникасы жөнделді, «811 КИ автожөндеу зауыты» АҚ базасында 10 БТР-80 жөндеу жұмыстары орындалуда;

«№405 авиажөндеу зауыты» АҚ базасында Ми-171Ш тікұшақтарын ірі тораптық құрастыру бойынша мәселелер пысықталды.

«Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында ірі шетелдік компаниялардың өндірісін оқшаулау, оларға сервистік қызмет көрсету және жөндеу мәселелері бойынша келіссөздер жүргізілуде. Бұл ретте, Қарулы Күштердің жөндеуші мамандарының сапасын, деңгейін және дағдыларын арттыру мақсатында оларды (Қазақстан Aselsan Инжиниринг» ЖШС – оптикалық аспаптарды жөндеу; «Семей инжиниринг» АҚ – бронды танк техникасын жөндеу, «КамАЗ инжиниринг» АҚ – автомобиль техникасына қызмет көрсету және жөндеу сияқты тұрақты негізде кәсіпорындарда оқыту ұйымдастырылды», - делінген ресми жауапта.

«Қауіпсіз ел» ұлттық жобасының маңызы туралы сарапшы Әлия Дәурембекова шетелдік қару-жарақ пен техниканы сатып алуға ғана емес, сонымен қатар отандық қаруды дамытуға, инфрақұрылымды жақсартуға, әскерлерді цифрландыруға қатысты мәселелерді шешуге мүмкіндік береді деген пікірде.

«Ұлттық жобаның басты мақсаты – азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл қару-жарақ пен оқ-дәрілердің қауіпсіз сақталуын, сондай-ақ Қарулы Күштердің заманауи сын-қатерлер мен қауіп-қатерлерге лайықты ден қоюға дайындығын қамтамасыз ету шаралары. Әскери доктринаны қайта іске қосып, әскерге шақырылушыларды экономиканың нақты секторында сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқыту маңызды. Асимметриялық және гибридті қауіп-қатерлерге тойтарыс беруге дайындық, жаңа технологияларды енгізу және әскери үдерістерді басқаруды автоматтандыру – мұның бәрі бүгінгі таңда ерекше маңызға ие. Қарулы Күштердің әскери дамуы мен конфигурациясының жаңа тәсілдер қазіргі заманғы шындық жағдайында әзірленді. Әскери басқаруды орталықтандыру, басқарудың автоматтандырылған жүйелерін орналастыру, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін біріктіру бойынша қабылданған шаралардың маңызы зор. Қарулы Күштерде ақпараттандыру және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдануды кеңейту, әскери ғылымды дамыту және ғылыми-тәжірибелік базаны жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылады. Осының аясында сыни ойлауға және шешім қабылдауға қабілетті, заманауи техникамен және қару-жарақпен жұмыс істейтін кадрларды даярлау мәселесі өзекті болып отыр», - дейді ол.

Айта кетелік, ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес 2023 жылы ұлттық іс-шаралары бұдан әрі іске асыру үшін Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің басқа құжаттарына ауыстырылан.

Ұлттық жобаға қатысты егжей-тегжейлі ақпарат құпия сипатқа ие және БАҚ-та пайдалану үшін ұсыну мүмкін емес, - делінген ресми жауапта.