Halyq Uni логотип
×

Биыл Шығыс Қазақстан облысында 600 шақырымға жуық жол жөнделеді

Елді мекендердегі 378 шақырым жол мен көшелерді орташа жөндеу де жоспарланған

 Дастан Жұмабекұлы 20.03.2024 | 15:54
Биыл Шығыс Қазақстан облысында 600 шақырымға жуық жол жөнделеді
Фото: gov.kz/ Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі

Биыл Шығыс Қазақстан облысында 600 шақырымға жуық жолды жөндеу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 28,5 млрд теңге бөлінеді. ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Нұрбек Тұраровтың айтуынша, 600 шақырымның 222 шақырымын облыстық маңыздағы жолдарды және өңірдің елді мекендеріндегі 378 шақырым жол мен көшелерді орташа жөндеумен қамту жоспарланған.

Орташа жөндеу жұмыстары елді мекендер мен туристік нысандарға жақын орналасқан жол учаскелерінде жүргізілетін болады, – деді Нұрбек Тұраров.

Бұдан бөлек, биыл Қалбатау-Майқапшағай, Талдықорған-Өскемен бағытындағы республикалық маңызы бар жолдар және Осинов асуы жолдарын қайта жаңарту жалғасатын болады. Жалпы, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ республикалық маңызы бар жолдардың кем дегенде 200 шақырымын жөндеумен қамтуды қарастырып отыр. Соның ішінде Өскемен-Шемонаиха, Өскемен-Риддер, Өскемен-Алтай мен Өскемен-Семей бағыттарындағы жолды жөндеу жоспарланған.

Жолдың сапасын жақсарту үшін ШҚО әкімдігі Ұлттық сапа орталығымен шарт жасасты. Өткен жылдың тәжірибесі жөндеу жүргізілгеннен кейін облыстың барлық жолдары тексерілгенде бақылаудың бұл әдісі анағұрлым тиімді екенін көрсетті, - деді Нұрбек Тұраров.

Сондай-ақ ол биыл Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысының аяқталатынын, оған Көлік министрлігі 29 млрд теңге бөлуді жоспарлап отырғанын хабарлады.

Бұдан басқа, биыл Шемонаихадағы Уба арқылы өтетін көпірді қайта жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Алдағы айларда Өскеменде Үлбі арқылы өтетін «Шнайдер көпірін» қалпына келтіру де жоспарланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама