Самат Әбіш тағылған айыпты мойындап, әрекетіне өкінген: Сот не себепті шартты жаза берілгенін түсіндірді
Ол – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі
Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары болған Самат Әбіш билікті асыра пайдаланғаны үшін сотталды. Қылмыстық іс барысында ол өзіне тағылған айыпты мойындаған. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының хабарлауынша, оған қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігінде көрсетіген айып тағылған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Іс «құпия» қаралғандықтан, сот отырыстары жабық форматта өтті.
Сот барысында прокурор Самат Әбішті белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан 10 жылға айырып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Қылмыстық кодекстің 63-бабының негізінде жазаны пробациялық бақылау белгілей отырып, сол мерзімге шартты түрде деп санауды айқындады.
Сотталушы кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінген, - делінген сот таратқан ақпаратта.
Сот үкімімен Самат Әбіш қылмыстық кодекстің 362-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды және 10 жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық кодекстің 63-бабы негізінде тағайындалған жазаны шартты деп санау туралы қаулы шығарылды.
Сот сотталушының жас балаларының болуын және оның шын жүректен өкінуін жазаны жеңілдететін мән-жай деп таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ, - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ Қазақстан президентіне Самат Әбішті арнаулы атағынан және мемлекеттік наградаларынан айыру туралы ұсыныс енгізу туралы шешім қабылданған.
МӘСІМОВ 18 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ
Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Кәрім Мәсімов қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Одан бөлек, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
Ал оның орынбасары болған Әнуар Садықұлов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 16 жылға сотталды. Сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды.
ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин қылмыстық кодекстің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Өсіпов қылмыстық кодекстің 362-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Олар генерал атағынан және мемлекеттік наградаларынан айырылды.