×

Кәрім Мәсімов расымен де жазасын түрмеде өтеп жатыр ма – ІІМ жауабы

ҰҚК экс-төрағасы 18 жылға бас бостандығынан айырылған еді

 Дәурен Ерболат 20.03.2024 | 12:07
фото: Қазақ күресі ассоциациясының конгресі, 2020 жыл

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов түрмеде жазасын өтеп жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мәжіліс кулуарында журналист министрге «Кәрім Мәсімов жазасын қайда өтеп жатыр? Ол емін-еркін бір іс-шарада жүр деген ақпарат бар. Бұл мәлімет рас па? Ол қайда, жазасын қалай өтеп жатыр? Неге видео, фото жоқ?» деген сұрақ қойды.

Ержан Сәденов ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің түрмеде жазасын өтеп жатқанын атап өтті.

Ол сотталған, түзету мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Оны (Кәрім Мәсімовті – авт.) неге көрсетуіміз керек? Колонияға кірудің өз рәсімі бар. Адам құқығына қатысты бюро бар, - деді министр.

Айта кетейік, 2023 жылғы 23 сәуірде ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов 18 жылға сотталған еді. Оның мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салынды.

КӘРІМ МӘСІМОВ ІСІ

Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Кәрім Мәсімов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Оған жазаны ішінара қосу арқылы 18 жылға бас бостандығынан айыру, мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Оның орынбасары болған Әнуар Садықұлов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 16 жылға сотталды. Сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды.

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожин қылмыстық кодекстің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Марат Өсіпов қылмыстық кодекстің 362-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

2023 жылдың қыркүйегінде Бас прокуратураның Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатқаны хабарланды. Оған қатысты «қаңтар оқиғасы» кезінде билік пен лауазым өкілетін асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама