Halyq Uni логотип
×

Қазақстанда 620 мыңға жуық адам ұлттық спортпен шұғылданады

20 наурыз – Ұлттық спорт күні

 Халық үні 20.03.2024 | 12:01
Қазақстанда 620 мыңға жуық адам ұлттық спортпен шұғылданады
фото: Halyq Uni

Қазақстанда биыл Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасы қабылданды. Наурыз мейрамының мән-мағынасы мен мазмұнын байыту үшін жыл сайын 14-23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі жарияланды.

1988 жылы Наурыз қайта жанданғаннан кейін оның мазмұны мен форматы ішінара ғана қалпына келтірілді. Сондықтан Қазақстанда мерекеге жаңаша мазмұн мен пішін беру міндеті тұр. Наурызнама онкүндігі аясында 20 наурыз – Ұлттық спорт күні.

Статистикалық дерекке сәйкес, елімізде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келе жатқаны байқалады. Мәселен, 2022 жылы ел бойынша ұлттық спорт түрлерімен жүйелі түрде шұғылданатындар саны 584,1 мың адамды құраса, 2023 жылғы көрсеткіш 619,2 мың адамға дейін өскен. Сәйкесінше, секцияларда дене шынықтыру және спортпен айналысатындардың жалпы санының 8,7% құрады. Қазір ұлттық спорт бойынша 1 488 жаттықтырушы жұмыс істейді, оның ішінде 928 бапкер ауылдық жерлерде еңбек етеді.

Елімізде жыл сайын қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, көкпар, бәйге, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, құсбегілік, дәстүрлі садақ ату, жекпе-жек сияқты ресми түрде ұлттық спорт түрлерінің тізіміне енген спорт түрлері бойынша түрлі деңгейдегі (халықаралық деңгейден ауылдық деңгейге дейін) мыңнан астам жарыс өткізіліп келеді.

Бүгінде республикада 12 спорт клубы және ұлттық спорт түрлері бойынша 13 спорт мектебі бар. Сонымен қатар республикалық деңгейдегі ұлттық құрама командаларының спортшыларын даярлайтын Ұлттық және Ат спорты орталығы және ұлттық спорт түрлері бойынша 10 федерацияның басын қосатын қауымдастық жұмыс істейді. Сондай-ақ Қазақ күресі және Жекпе-жек федерациясы бар.

20 наурызда Наурыз мейрамын тойлау аясында Астанадағы «Арғымақ» ат-спорты кешенінде Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен Ұлттық спорт қауымдастығы мен Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Ұлттық спорт күніне арналған «НАУРЫЗНАМА: Ұлттық спорт күні» мерекелік іс-шарасы өтіп жатыр.

Мерекелік іс-шарада көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуудан көрсетілімдер және тоғызқұмалақ пен асық атудан шеберлік сабақтары жоспарланған.

Қонақтарға қазақы тазы және бүркіт көрсетіліп, қолөнершілер жәрмеңкесі, ұлттық спорт ардагерлерін марапаттау рәсімі және мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Тарихи деректерге сәйкес, Наурыз мейрамы осыдан 5 мың жыл бұрын пайда болған әлемдегі ең көне мерекелердің бірі, ол парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді.

Наурыз мемлекеттік мереке ретінде Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Түркияда атап өтіледі.

Бұл мерекенің географиялық ауқымы өте кең, ол – ежелден көптеген халықтар үшін өмірлік циклдің жаңаруын тойлаудың символы.

2009 жылы Наурыз ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгізілді.

2010 жылғы 23 ақпанда БҰҰ Бас Ассамблеясы 21 наурызды Халықаралық Наурыз күні деп жариялады.

Наурызнама онкүндігі:

  • 14 наурыз – Көрісу күні – Амал мерекесі тойланады. Негізінде еліміздің батыс өңірлерінде сақталған мереке енді барлық аймақтарда тойланады.
  • 15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күн қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арналады.
  • 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналады.
  • 17 наурыз – Шаңырақ күні. Осы күні отбасылық құндылықтарымызды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.
  • 18 наурыз – Ұлттық киім күні. Наурызнаманың онкүндігінде еліміздің барлық өңірінде ұлттық киімдерімізді насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіледі.
  • 19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру ұсынылды.
  • 20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні елдің барлық аймағында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады.
  • 21 наурыз – Ынтымақ күні. Бұл күннің идеясы – жалпы халық бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау.
  • 22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, стильді этноауылдар мен түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылады.
  • 23 наурыз – Тазалық күні. Оныншы күн ұлттық экологиялық науқанға арналған. «Тазару» күні – мемлекеттің экологиялық түйткілдерді шешуге бағытталған іс-шараларына азаматтарды қолдау білдіруі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама