Алматыда да азаматтарды азаптаған полицейлер сотталды
Олар арнаулы атақтарынан айырылды
19 наурызда Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында «қаңтар» оқиғасы кезінде азаптау қолдану фактісі бойынша 3 полиция қызметкеріне қатысты үкім жарияланды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қылмыстық істі Алматы қаласының арнайы прокурорлары тергеді. Прокурорлар полицейлердің 2022 жылғы 9 қаңтарда Алмалы аудандық полиция басқармасына жеткізілген 3 азаматқа қатысты азаптау әрекетін қолданғанын дәлелдеді.
Олардың заңсыз әрекеттерінің салдарынан 3 жәбірленушіге тән жарақаты келтірілген.
Соттың үкімімен үш сотталушы арнаулы атақтары мен мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылып, оларға 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалып, аталған адамдар сот залында қамауға алынды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетсек, кеше Талдықорған сотында Қаңтар оқиғасы кезінде азаматтарды азаптаған экс-полицейлерге сот үкімі шыққан болатын.