Halyq Uni логотип
×

Былтыр ішкі істер органдарының есірткіге шатылған 5 қызметкері сотталған

Мұндай қылмысқа заңда 10 жылдан 20 жылға дейін жаза көзделген

 Ербол Тұрымбет 19.03.2024 | 16:41
Былтыр ішкі істер органдарының есірткіге шатылған 5 қызметкері сотталған
фото: Halyq Uni

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы ішкі істер қызметкерлеріне қатысты есірткімен байланысты заңсыз әрекеттерге шатылған 12 жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Жалпы 2023 жылы 5 қызметкер, ал 2022 жылы 4 қызметкер сотталған.

Жалпы, заң бойынша есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, соның баламасын өткізу, беру немесе өткізу мақсатында заңсыз өндіру, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау қызметтерін лауазымды адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаса, мүлкін тәркілеп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Сондай-ақ есiрткi, психотроптық заттарды немесе соның баламасын білім беру ұйымдарында немесе кәмелетке толмаған балаға өткізетін болса, онда мүлкі тәркіленіп, 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айрылады немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Министрліктің хабарлауынша, әскери қызметкерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасында есірткі скринингін енгізу «Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында» (Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 29 маусымдағы №508) қарастырылған. Онда есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың баламалы түрлерін медициналық емес мақсатта пайдалануды анықтауға бағытталған барлық шара қамтылған.

  • Біріншіден, қызметкерлері есірткі тұтыну қаупіне көбірек ұшырайтын бөлімшелердің тізілімін бірте-бірте кеңейте отырып қалыптастыру;
  • Екіншіден, ұйымды өз қауіпсіздік қызметіне немесе персоналды тексеруге тапсыра отырып, жоспардан тыс және кенеттен тексеру;
  • Үшіншіден, ведомстволық және басқа да медициналық қызмет көрсету ұйымдарында экспресс-тестілеу жүргізу;
  • Төртіншіден, экспресс-тесттерде оң нәтижелері бар тұлғаларды толық медициналық тексеруден өткізу тәртібін қамтамасыз ету.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама