×

Ақтөбе облысында жолды су басып кетті (ВИДЕО)

Қазір су тасқынының салдары білініп жатыр

 Дастан Жұмабекұлы 19.03.2024 | 15:52
Фото: instagram.com/shalkar_audanynyn_akimdigi/

Ақтөбе облысының Шалқар ауданына қарасты Ұлпан ауылы маңында жолды су басып кетті. Бұл жерге құм толы 300 қап төселгенмен суды толық тоқтату мүмкін болмады, деп хабарлады аудан әкімдігі.

Шалқар ауданының әкімдігі республикалық маңызы бар Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз автожолының 232-шақырымындағы Ұлпан ауылының тұсында қауіп күшейіп, жол жиегін бекіту жұмысы жүргізілгенін хабарлады. Күні бұрын қапқа құм салып, төселді. Алайда қар тез еріп, жолды шайып жіберді, – делінген хабарламада.

Шалқар ауданы әкімдігінің хабарлауынша, оқиға орнына аудан әкімі Жанболат Жидеханов пен аудандық полиция бөлімінің бастығы Ринат Сатаев арнайы барды. Бұл жерге 300 қап құм төселген. Алайда еріген қар суы деңгейінің өсуі салдарынан жолды су шаю жағдайы тіркелді.

Бұл аумақта №7 өрт сөндіру бөлімінен 4 адам, аудандық ТЖБ-дан 1 адам мен 1 техника, «Энергосистема» ЖШС Шалқар бөлімшесінен 4 адам және 1 техника, «Қазсервис» ЖШС-нен 12 адам мен 4 техника, жеке кәсіпкерлерден 4 адам мен 4 техника жұмылдырылған. Сонымен бірге теміржолшылар да көмекке барды.

Қазір су тасқынының салдары білініп жатыр. Шалқар ауданының әкімдігі аталған бағыттағы жолға шықпауды сұрады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама